Әуесқой аңшыларға киік атуға рұқсат берілмейді

7 Шілде 2022, 20:25 2136

Қазақстанда киіктерді аулау процесі мен тетіктері әзірленетін болады

Бұл туралы ЭГТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Нұрлан Қылышбаев айтты, деп хабарлайды El.kz  ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.

«Бүгінде Зоология институтының ұсынысын ескере отырып, киік аулау тетіктерін анықтау жөніндегі жұмыс тобы құрылып жатыр. Халықты киік санын реттеуге немесе сіздер айтқандай атуға жіберу көзделіп отырған жоқ. Бұл браконьерліктің, бақылаусыз аңшылықтың артып кету тәуекелін болдырмау үшін жасалады», - деді ол елордада өткен «Киік популяциясы санын реттеу» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай

Сонымен қатар комитет төрағасы Зоология институтының ұсынысына сәйкес, киік аулауға мораторий мерзімін ұзарту ұсынылып отырғандығын айтты.

Ал дөңгелек үстел отырысы барысында Зоология институтының зертхана меңгерушісі Алексей Грачев киіктерді аулауға қолданыстағы тыйымды 2025 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Дегенмен, ол биыл сынақ ретінде киіктер санын реттеуді өкілетті органның мамандандырылған ұйымына жүктеу қажет екендігін алға артты.

Бөлісу: