ҰЭМ жаңа Салық кодексі жобасының негізгі тәсілдерін таныстырды

18 Қараша 2023, 05:31 1015

Іс-шараға Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин және ҚР Президенті жанындағы ШИК (Шетелдік инвесторлар кеңесі) инвестициялық саясатты іске асыру жөніндегі жұмыс тобының мүшелері қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында ҚҚС-ты (қосылған құн салығы) 12%-дан 16%-ға дейін көтеру, жоғары табысты салалар үшін КТС (корпоративтік табыс салығы) ставкаларын саралау мәселелері талқыланды.

Жалақы бойынша табыстар үшін ЖТС (жеке табыс салығы) мөлшерлемесін ұлғайтуға қатысты 2 сатылы мөлшерлемелер шкаласы ұсынылады. Жылына 40 млн. теңгеге дейінгі жалақы үшін 10% мөлшерлеме сақталады. Ал егер табыс осы сомадан асып кетсе, 15% мөлшерлеме бойынша салық салу жоспарлануда.

Сондай-ақ, «сән-салтанат» заттарына қосымша акциздер, оның ішінде құнының 10% мөлшерінде қымбат алкоголь және темекі өнімдеріне акциздер енгізу мәселесі бойынша жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, қымбат мүлікке салық салудың жаңа тәсілдері ұсынылады. Атап айтқанда, яхталарға, жеке ұшақтарға (ауыл шаруашылығында қолданылатын ұшақтарды қоспағанда) салық ставкаларын ұлғайту.

ҰЭМ басшысы атап өткендей, жаңа Салық кодексі сарапшылармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп әзірленіп жатыр, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттарымен тұрақты кездесулер өткізілуде.

-Барлық тәсілдер салық төлеушінің қызметін жеңілдетуге бағытталған. Жаңа Салық кодексі тұрақты, қарапайым және қолдануға ыңғайлы болады. Инфляцияға айтарлықтай қысым болмайды. Керісінше, бұл қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тиісінше бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Қазақстанда ҚҚС өсімі салық төлеушілердің тек 5,5%-на ғана тікелей әсер етеді. Оның ішінде 17,5 трлн. теңгеге жалпы өнім өндіретін 40%-ы ҚҚС төлемейді, - деді министр.

ШИК өкілдері ұсынылған тәсілдер бойынша ұстанымдарын жеткізді. Барлық айтылған мәселелерді Министрлік мұқият қарайтын болады. Жаңа Салық кодексінің жобасын талқылау бойынша кездесулер жалғасады.

Перизат Саденова
Бөлісу: