Әуе компанияларының қызметі бір жылда 27%-ға қымбаттаған

23 Тамыз 2022, 03:14 911

Осы жылғы қаңтар-шілде аралығында әуекөлікпен тасымалданған жолаушылар саны 5,8 млн адамға жетті. 

Қымбатшылықты, әсіресе, Түркістан (56,8%-ға), Жамбыл (46,7%-ға) және Шығыс Қазақстан (44,5%-ға) облыстарының тұрғындары сезінді, деп хабарлайды EL.KZ finprom.kz-ке сілтеме жасап.

 Солтүстік Қазақстан облысында бағалар өзгеріссіз қалды. Ал, үш өңірде әуекомпаниялар қызметтерінің бағасы арзандаған. Оларға Ақмола, Қызылорда, Павлодар облыстары жатады.

2022 жылдың қаңтар–шілде айларында әуекомпанияларының кірістері 276,8 млрд теңгені құрап отыр. Былтыр 189,2 млрд теңге болған еді.

Кірістің басым бөлігі (270,6 млрд тг) барлық бағытта жолаушыларды тасымалдау есебінен алынған. Сонымен қатар жүк-багажды тасымалдаудан (6,2 млрд теңге), көлік құралдарын экипажымен жалға беруден (3 млрд теңге) де пайда түскен.

Осы жылғы қаңтар-шілде аралығында әуекөлікпен тасымалданған жолаушылар саны 5,8 млн адамға жетті. Былтырғы жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 12,8%-ға артық. 2022 жылдың шілде айында 1,2 млн адам тасымалданды. Бұл маусым айымен салыстырғанда 7,3%-ға артық. 

Жолаушылар тасымалының басым бөлігі Алматыға (4 млн жолаушы)  тиесілі.

2022 жылдың жеті айы бойынша жолаушылар айналымы 10,2 млрд жкм құрап, бір жыл ішінде 29%-ға артты. Әуе көлігімен 12,7 мың тонна жүк-багаж тасымалданды. Былтырғы жылға қарағанда 36,1%-ға аз. Осы жылдың шілде айында жүк-багажды әуе көлігімен тасымалдау маусыммен салыстырғанда 8,8%-ға артып, 2,4 мың тоннаны құраған. Жүк айналымы 28,5 млн ткм құрады.

EL.KZ
Бөлісу: