Учаскелік полиция инспекторы – қоғамның тыныштығын күзетуші

23 Маусым 2020, 16:11 5297

Олардың мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіптің алдын алу

Елімізде төтенше жағдай жарияланған кезде полицейлерге үлкен жауапкершілік пен салмақ түскені рас. Ішкі істер қызметкерлері күшейтілген режимге көшіріліп, әрдайым кезекшілікте тұрған болатын. Халықтың қауіпсіздігі үшін кейде полицейлер өз өмірлерін қатерге тіккен кездер де жиі болып тұрады. Осыдан-ақ олардың жұмысының қаншалықты қиын әрі қауіпті екенін байқауға болады. Көптеген түрлі оқыс жағдайлардың бас-қасында жүретін осы сала мамандарының қызметі көпшілікті қызықтырары сөзсіз.

Иә, қоғамда форма киген полицейлердің мәртебелі қызметі қай уақытта болмасын қажетті әрі жауапты мамандық болып саналған. Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті «Есіл» ауданының полиция басқармасының №18 учаскелік полиция бөлімінің полиция капитаны Жалғасбек Ақмырза – жауапты қызметті абыроймен атқарып жүрген азаматтардың бірі.


– Полиция қызметкері болу –  менің бала күнімнен бергі арманым еді. Қазіргі кезде азаматтарға өзімнің қызметімді көрсетіп жатырмын. Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Жалпы бұл қызметті халыққа көп көмегі тиетін сала деп есептеймін, - дейді Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті «Есіл» ауданының полиция басқармасының №18 учаскелік полиция бөлімінің полиция капитаны Жалғасбек Лесбайұлы.

 Он жылдан бері осы салада еңбек етіп келе жатқан ол жұрттың қауіпсіздігі бірінші орында екенін айтады. Үлкен жауапкершілікті арқалаған ішкі істер саласының қызметкері «кез келген полицей елі мен халқына қалтқысыз адал қызмет етуі тиіс» дейді. 33 жастағы Түркістан облысының тумасы Жалғасбек Ақмырза күнделікті жұмысқа үйіндегілер көтеріңкі көңіл-күймен шығарып салатынын айтады.


Халықтың қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан ететін полицейлердің қызметтік уақыты түрлі оқиғаларға толы болып келеді. Себебі азаматтардың кейде жауыздықпен бір-бірлеріне жасайтын зұлымдықтары полицейлерді де алаңдатпай қоймайды.

– Әлбетте, біз де ет пен сүйектен жаратылған адам баласымыз. Кей адамдар полицейлерді мейірімсіз деп ойлауы мүмкін. Алайда біздің де адамдарға жанашырлық танытатын кездеріміз болады. Бірақ та тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуына біз жауапты болғандықтан қатты жұмсақтық танытуға болмайды.  

Иә, «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демекші, олардың мақсаты да, міндеті де, арманы да – қоғамдық тәртіпті сақтау, қауіптің алдын алу. Оған қсоа, полицейлер психолог болуы да қажет. Өйткені өмірде бір-біріне ұқсамайтын қанша адам болса, сонша түрлі тағдыр бар.

 – Жұмыс барысында қатал болатын кезде қаталдық танытып, қажет уақытытнда кешірімшіл де болуымыз қажет деп есептеймін. Сол себепті қызмет ететін бөлімшеге қарайтын тұрғындармен жақсы қарым-қатынаста болып, олармен сырлас, дос болуға тырысамын. Ең бірінші кезекте біз адамбыз, одан кейін ғана маманбыз. Бұл жайында Ішкі істер министрі Ерлан Заманбекұлы да елдегі полицейлердің басты міндеттерінің бірі ретінде ашықтықты, жеделдікті, қолжетімділікті арттыру мен азаматтармен тығыз байланыс жасау қажеттігін атап өткен болатын. Осындай талаптарға сай болсақ, мақсатымыздың орындалғаны, - дейді Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті «Есіл» ауданының полиция басқармасының №18 учаскелік полиция бөлімінің полиция капитаны.

 Жалғасбек Ақмырза осы салада көптеген қылмыстың алдын алу мен әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жемісті еңбек етіп келеді. Өзіне сеніп тапсырылған әкімшілік аумағында қоғамдық тәртіптің сақталуын жіті қадағалап отырады. Сондықтан оның күнделікті жұмыс күні өзіне сеніп тапсырылған әкімшілік аумақты шолудан басталады. Оған қоса, есік алдына қоқыстарды тастағандарды, көпшілік орындарда ішімдік ішкендер мен темекі шеккендерді де тәртіпке келтірумен айналысады. Бұл оның алты жылдан бері атқарып келе жатқан қызметі.


«Аумақта тәртіп сақтау мен тұрғындардың қауіпсіздгін қамтамасыз ету басты мақсатым» деп білетін полиция капитаны көпшілік арасында нөлдік төзімділік қағидасын қатаң сақталуын жіті қадағалайды.

– Қоғамдық орындарда азаматтардың ішкі мәдениетін қалыптастыру мәселесімен айналысамыз. Яғни кез келген адамның көпшілік жерлерде қарапайым қағидаларды ұстанып, қоршаған ортаны таза ұстауға оны жақсартуға үлкен жауапкершілікпен қарағаны жөн. Ал нөлдік төзімділік қауіпсіз және таза шаһардың кепілдігі болып саналады. Біз көпшіліктен осындай қарапайым ережелерді сақтауын сұраймыз, - дейді Жалғасбек Лесбайұлы.

Қоғамның тыныштығын күзеткен учаскелік полиция инспекторының бір күндік жұмысы осылай өтеді. Олардың жұмысы халықпен қарым-қатынас орнату. Қоғамдық тәртіпті сақтауда әрдайым алдыңғы қатарға қоятын олардың жұмысы көпке үлгі боларлық.

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: