Көктемгі ҰБТ өз мәресіне жетті. Мыңдаған талапкер үшін маңызды кезең болған бұл тестілеу қандай нәтижелер көрсетті? Қаңтармен салыстырғанда өсім бар ма? Қоғамда «болашақта ҰБТ-ның орнына басқа бағалау жүйесі енгізілуі мүмкін» деген пікірлер айтылып жүр. Расында, ҰБТ өз миссиясын аяқтай ма? Осы және өзге де өзекті сұрақтарға Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Наужан Дидарбекова жауап беріп, талапкерлер дайындығы мен білім беру жүйесіндегі қазіргі үрдістерге тоқталды.
El.kz: Наужан Әбдісатарқызы көктемгі ҰБТ кезеңі аяқталды. Нәтижелер қалай болды? Қаңтардағы тестілеумен салыстырғанда көрсеткіштер жақсарды ма?
Наужан Дидарбекова: 2026 жылғы қаңтар айында өткен ҰБТ-ға шамамен 184 мың талапкер қатысты. Ал көктемгі, яғни наурыз айындағы ҰБТ 179 мың талапкерді құрады. Жалпы алғанда, қаңтармен салыстырғанда көктемгі ҰБТ нәтижелері сәл де болса жақсарғанын байқауға болады.
Айта кету керек, ҰБТ жылына бес рет өткізіледі. Қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы тестілеу нәтижелерімен талапкерлер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсе алады. Ал мамыр мен шілде айларындағы ҰБТ мемлекеттік білім беру гранты конкурсына қатысуға мүмкіндік береді. Барлық жағдайда талапкерлер белгіленген шекті балды жинауы тиіс, сонымен қатар әрбір жоғары оқу орны өз шекті балын дербес белгілей алады.
Бұл жерде бір маңызды мәселеге назар аудару қажет. Әрбір ҰБТ аяқталғаннан кейін талапкердің жеке кабинетінде тақырыптық аналитика пайда болады. Яғни, оқушы қай сұраққа дұрыс жауап берді, қай тақырыптан қате жіберді – барлығы нақты көрсетіледі.
Осы талдау арқылы талапкер өз біліміндегі олқылықты анықтап, қай тақырыпты қайта қарау, қай бағытта дайындықты күшейту қажет екенін түсінеді. Соның нәтижесінде келесі тестілеуде көрсеткішін жақсартуға мүмкіндік алады.
Сондықтан қаңтар айындағы нәтижемен салыстырғанда наурыздағы ҰБТ көрсеткішінің жоғары болуы – талапкерлердің осы аналитиканы тиімді пайдаланып, дайындық деңгейін жүйелі түрде арттыруымен байланысты деп айтуға болады.
Негізгі ҰБТ-ға дейін оқушылардың дайындық деңгейі біртіндеп өсіп отырады. Кейбір тақырыптар бастапқы кезеңде толық меңгерілмеуі мүмкін, ал уақыт өте келе оларды игеру арқылы нәтижелер жақсарады.
El.kz: Кейінгі жылдары қандай бағыттарға сұраныс артты? Қаталеспесем, былтырғы жылы бейінді пәндерге 5 сұрақ қосылған еді?
Наужан Дидарбекова: 2024 жылдан бастап ҰБТ құрылымында белгілі бір өзгерістер болды. Атап айтқанда, жоғары оқу орнына түсу емтиханы ретінде бейінді пәндерге басымдық беріліп, сол пәндердегі тест тапсырмаларының саны артты. Сонымен қатар тест форматына сәйкестікті анықтауға бағытталған жаңа типтегі тапсырмалар енгізілді.
Қазіргі таңда ҰБТ-да барлығы 120 сұрақ болады, ал ең жоғары балл – 140. Әр пән бойынша шекті балл белгіленген. Айта кету керек, биыл тестілеу форматы мен құрылымында ешқандай өзгеріс жоқ, барлығы былтырғы жылғы ережеге сәйкес өткізілуде.
Ал талапкерлердің таңдауына келсек, соңғы жылдары техникалық бағыттағы мамандықтарға сұраныс айтарлықтай өсті. Сонымен қатар педагогикалық, IT және медициналық мамандықтар да жоғары қызығушылыққа ие.
Белгілі бір бағыттарға сұраныстың қаншалықты артқанын біз мемлекеттік білім беру гранттары конкурсына берілген өтініштер саны арқылы нақты байқай аламыз.
El.kz: Қалада қосымша білім алуға, дайындық курстарына қатысуға мүмкіндік жоғары. Ал ауылдық жерлерде мұндай жағдай шектеулі. Сіздің ойыңызша, ауыл мен қала оқушыларының білім деңгейі қашан теңеседі?
Наужан Дидарбекова: Қазіргі таңда ҰБТ нәтижелері бойынша бұрынғыдай өңірлер, яғни облыс, аудан немесе қала деңгейінде рейтинг жүргізілмейді. Сондықтан нақты «қай өңір алда, қайсысы артта» деген салыстырмалы көрсеткіштер ресми түрде жасалмайды.
Екіншіден, ҰБТ тапсырмаларының барлығы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен Оқу-ағарту министрлігі бекіткен оқулықтар негізінде әзірленеді. Яғни, тест сұрақтары мектеп бағдарламасынан тыс болмайды. Оқушы оқу барысында меңгерген материалдар ҰБТ-да толық қамтылады.
Сонымен қатар барлық талапкерлер үшін дайындыққа қажетті мүмкіндіктер қолжетімді. Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында тест спецификациясы, ұсынылатын оқулықтар тізімі, Қазақстан және дүниежүзі тарихы бойынша маңызды даталар, информатика пәнінен терминдер, әдебиеттер тізімі сияқты көптеген көмекші материалдар жарияланған. Тестілеу кезінде де калькулятор, Менделеев кестесі сияқты қажетті құралдарды пайдалану мүмкіндігі беріледі.
Қазіргі заманда онлайн білім алу мүмкіндігі де айтарлықтай кеңейді. Түрлі платформалар мен ашық ресурстар арқылы ауылдағы оқушылар да өз білімін жетілдіре алады. Бұған қоса, ҰБТ-дан кейін ұсынылатын тақырыптық аналитика талапкерлерге өз әлсіз тұстарын анықтап, сол бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
El.kz: Дайындық курстарының артықшылығы неде? Кейде оқушылар мектептен гөрі курстарда жақсы нәтиже көрсетеді. Сонда қалай болғаны?
Наужан Дидарбекова: Біз ҰБТ-ға дайындық барысында талапкерлерді қандай да бір оқу орталықтарына баруға міндеттемейміз. Тестілеуге тіркелу толықтай онлайн форматта, талапкердің жеке кабинеті арқылы жүзеге асырылады. Яғни, ҰБТ-ға қатысу да, оған дайындалу тәсілі де – әр баланың өз таңдауы.
Кез келген талапкердің тестілеуге тіркелуге мүмкіндігі бар. Мысалы, қаңтар айындағы ҰБТ-ға шамамен 184 мың адам қатысса, наурыз айында бұл көрсеткіш 179 мың болды. Ал негізгі кезең – мамыр-шілде айларында талапкерлерге екі мүмкіндік берілетіндіктен, қатысушылар саны одан да артады. Барлығы баланың өз еркімен жүзеге асырылады.
El.kz: Биыл Қазақстанда «Жасанды интеллект жылы» деп жарияланды. Осыған байланысты жаңа технологияларға қатысты мамандықтарға сұраныс артты ма?
Наужан Дидарбекова: Жасанды интеллект пен IT саласына қызығушылық соңғы бірнеше жылда тұрақты түрде артып келеді. Бұл бағыт бүгін ғана емес, бұған дейін де талапкерлер арасында сұранысқа ие болып келген.
Мәселен 2022 жылдан бастап ҰБТ-да «математика–информатика» бейінді пәндер комбинациясы енгізілді. Қазіргі таңда бұл комбинация ең жиі таңдалатын бағыттардың біріне айналды. Оны таңдаған талапкерлер бірнеше, нақтырақ айтсақ, төрт түрлі мамандық бойынша жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігіне ие болады.
Биылғы қаңтар және наурыз айларындағы ҰБТ-да 16 мыңнан астам талапкер дәл осы «математика–информатика» комбинациясын таңдаған. Жоғары нәтижелер де осы бағытты таңдаған талапкерлер арасында бар. Мысалы, екі жыл қатарынан 140 балл жинаған түлектердің ішінде «математика–информатика» комбинациясын таңдағандар кездеседі. Бұл да оқушылардың аталған бағытқа тыңғылықты дайындалып, саналы түрде таңдау жасап жатқанын көрсетеді.
El.kz: Келешекте ҰБТ-ы болмайды деген пікірлер бар. Оның орнына басқаша бағалау жүйесі енгізілмек екен. Бұл қаншалықты өз-өзін ақтауы мүмкін?
Наужан Дидарбекова: Ұлттық бірыңғай тестілеудің 20 жылдан астам тарихы бар және осы уақыт ішінде ол өзіне жүктелген міндеттерді толық атқарып келеді және әлі де атқара береді. ҰБТ бірнеше даму кезеңінен өтті. Бастапқыда ол мектеп бітіру емтиханы мен жоғары оқу орнына түсу емтиханын біріктірген жүйе болды және жылына бір рет өткізілетін. Сол кезеңде талапкерлерге түсетін жүктеме мен күйзеліс мәселесі де жиі көтерілді.
Кейін білімге қолжетімділікті арттыру мақсатында тестілеу форматы өзгертіліп, жылына бірнеше рет өткізіле бастады. Ал 2017 жылдан бастап ҰБТ тек жоғары оқу орнына түсу емтиханы және мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау құралы ретінде қалыптасты.
Сондай-ақ формат жағынан да үлкен өзгерістер болды: қағаз түрінен электронды жүйеге көштік. Бұл академиялық адалдықты қамтамасыз етуге және ашықтықты арттыруға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда талапкерлер ҰБТ-ға өз күшімен дайындалып, әділ тапсыруға болатынына көз жеткізді.
Әрине, кез келген жүйе уақыт өте жетілдіруді қажет етеді. Қазір халықаралық тәжірибені ескере отырып, жаңа форматты енгізу бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мысалы, алдағы жылдары шетелдік университет филиалына түсу үшін халықаралық емтихандарға ұқсас жаңа тест түрін пилоттық режимде енгізу жоспарлануда.
Дегенмен, бұл ҰБТ толықтай жойылады дегенді білдірмейді. Керісінше, ол кезең-кезеңімен жаңарып, толықтырылып отырады. Қазіргі ҰБТ жүйесі функционалдық сауаттылық пен логикалық ойлауды бағалауға бағытталған болса, болашақтағы жаңа форматтар талапкерлердің бейіндік пәндер бойынша білімін тереңірек бағалауға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Сондықтан ҰБТ өз миссиясын әлі де атқарып келеді және алдағы уақытта да білім беру жүйесінің маңызды бөлігі болып қала береді.
El.kz: Қазіргі балалардың логикалық ойлау қабілеттері қандай? Әлде «тақылдап» тест жаттап ала ма?
Наужан Дидарбекова: Мен бұл пікірмен толықтай келісе бермеймін. Себебі барлық материалды жаттап алу мүмкін емес. ҰБТ бірнеше пәннен тұрады: үш міндетті және екі бейінді пән. Мысалы, Қазақстан тарихынан 20 сұрақ келеді, бірақ нақты қай сұрақтардың түсетінін алдын ала білу мүмкін емес. Сондықтан бұл жерде тек жаттау емес, нақты білімнің болуы маңызды.
Әсіресе математикалық және оқу сауаттылығы пәндері талапкердің логикалық ойлау қабілетін тікелей тексереді. Мысалы, оқу сауаттылығында мәтінді түсініп, талдап, соның негізінде дұрыс жауап таңдау қажет. Яғни, оқушы ақпаратты қабылдап, саралап барып шешім қабылдайды.
Сонымен қатар қазіргі ҰБТ форматында бейінді пәндердің үлес салмағы артқан. Тапсырмалар ішінде бір ғана емес, бірнеше дұрыс жауабы бар сұрақтар кездеседі, кейбірі екі балмен бағаланады. Сонымен қатар дүниежүзілік банктың жобасы аясында ашық тест тапсырмаларын қолдану туралы ұсыныс түскен. Соның аясында контекстік және сәйкестендіруге негізделген тапсырмалар енгізілген. Мұндай форматта сұрақты жай жаттап алу жеткіліксіз. Оны түсіну, логикалық тұрғыда талдау қажет.
Қазіргі ҰБТ-ны бұрынғы форматпен салыстыруға келмейді. Сондай-ақ апелляция процесі де толықтай цифрландырылған. Талапкер тестілеуден кейін бірден нәтижесін көріп, 30 минут ішінде нақты негіздемемен апелляция бере алады. Соның нәтижесінде жыл сайын қанағаттандырылатын апелляциялар саны азайып келеді, бұл да тест тапсырмалары сапасының артқанын көрсетеді.
Осылайша, қазіргі ҰБТ талапкерлердің тек білімін ғана емес, олардың логикалық ойлау, талдау және түсіну қабілеттерін де жан-жақты бағалауға бағытталған.
El.kz: ҰБТ жүйесі өз миссиясын аяқтады деп ойлайсыз ба?
Наужан Дидарбекова: Қазіргі таңда ҰБТ жүйесі академиялық адалдық принциптерін толық сақтай отырып жүзеге асырылып келеді. Электронды форматқа көшу ақпараттық қауіпсіздікті күшейтіп, тестілеудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ең бастысы – қоғам тарапынан ҰБТ-ға деген сенім қалыптасты және ол жылдан-жылға артып келеді. Бұл біз үшін өте маңызды көрсеткіш.
Сол себепті ҰБТ өз миссиясын аяқтады деп айтуға негіз жоқ. Керісінше, ол әрі қарай да дамып, жетілдіріліп отырады. Бүгінде мектеп бітірушілер саны жыл сайын артып келеді, сәйкесінше жаңа талапкерлер мен ата-аналар легі қалыптасады. Әр буын үшін бұл жүйені түсіндіру, оның ашықтығын көрсету – маңызды міндетттің бірі.
Ұлттық тестілеу орталығы әрдайым ашық байланыс ұстанымын ұстанады. Біз бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер және ресми байланыс арналары арқылы талапкерлер мен ата-аналардың сұрағына тұрақты түрде жауап беріп отырамыз. Бұл да жүйеге деген сенімді нығайтудың бір жолы.
ҰБТ – үздіксіз жүріп жатқан процесс. Мысалы, былтырғы жылы тестілеу жүйесі арқылы 1 миллионнан астам адам қамтылды. Осындай ауқымды жұмыста ең бастысы – қоғамға дұрыс әрі түсінікті ақпарат жеткізу. Сонда ғана жүйеге деген сенім арта түседі деп есептеймін.
El.kz: Толымды сұхбат бергеніңізге көп рақмет!