28.02.2026
13:21
183
ҰБТ тапсыруда оқушы ескеруі тиіс негізгі ережелер

ҰБТ тапсыруда оқушы ескеруі тиіс негізгі ережелер

Ұлттық бірыңғай тестілеу – талапкер өміріндегі жауапты кезеңдердің бірі. 2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалып отыр. Мұнда үміткерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады.

Барлығы – 120 тапсырма. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 сұрақ, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырмадан, ал екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 сұрақтан беріледі. Ең жоғары нәтиже – 140 балл. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут), ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қосымша 40 минут қарастырылған.

Алайда табысты нәтиже тек білімге ғана емес, психологиялық дайындыққа да байланысты.

Бірінші ереже – уақытты басқару. 240 минут – ұзақ көрінгенімен, 120 сұраққа бөлгенде әр тапсырмаға орта есеппен 2 минуттан келеді. Демек, бір сұраққа шамадан тыс «жабысып» қалу жалпы нәтижеге кері әсер етеді. Психологтар алдымен жеңіл сұрақтарды орындап, кейін күрделілеріне қайта оралуға кеңес береді. Бұл сенімділікті арттырады.

Екінші ереже – құралдарды тиімді пайдалану. ҰБТ барысында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Бірақ бұл құралдарға толық арқа сүйеу қателік. Олар – көмекші ғана. Негізгі тірек – жүйелі дайындық пен формулаларды түсіну.

Үшінші ереже – эмоционалдық тұрақтылық. Тест алдында қорқыныш пен толқу – табиғи құбылыс. Бірақ шамадан тыс уайым ақпаратты еске түсіру қабілетін төмендетеді. Терең тыныс алу, ойды жинақтау, өз-өзіңе сенімділік ұялату – қарапайым әрі тиімді тәсілдер. «Мен дайындалдым, қолымнан келеді» деген ішкі ұстаным маңызды.

Төртінші ереже – апелляция құқығын білу. Тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш беруге болады. Егер талапкер белгілі бір сұрақ бойынша күмәнданса, өз құқығын пайдалануы тиіс. Апелляцияға өтініш берген жағдайда сертификат аппеляциялық комиссия шешімінен кейін жеке кабинетте жарияланады. Бұл – әділдікке кепіл болатын рәсім.

Бесінші ереже – денсаулық пен сергектік. Төрт сағаттық сынақ физикалық төзімділікті де талап етеді. ҰБТ қарсаңында ұйқы режимін қалыпқа келтіру, дұрыс тамақтану, артық ақпараттан бас тарту – психологиялық қысымды азайтады.

ҰБТ – тағдыр шешетін соңғы бекет емес, білімді бағалаудың бір кезеңі ғана. 140 балл – мақсат, бірақ бастысы – өз мүмкіндігіңді толық пайдалану. Сенімділік, уақытты дұрыс бөлу және ережені нақты білу – жоғары нәтиженің негізгі кепілі.