ҰБТ-ның әрбір балы маңызды рөл ойнайтын болды

9 Қараша 2022, 14:55 9194

2023-тегі негізгі ҰБТ сәуір мен шілде айында өтеді деген жоспар қарастырылуда

Өз үйіндей болып кеткен білім ордасыннан түлеп ұшып, он бір жыл алған білімін дәлелдеп, түрлі мамандықтың тізгінін ұстайтын түлектердің ой-санасы мен көңілі оқу жылының аяғына дейін  алаңдаулы болады. Өйткені ҰБТ-ны өмірдің шешуші қадамы ретінде бағалайтындар көп. 2023 жылғы ҰБТ-ның жаңашылдығы қандай? Біз осыны саралап, тестілеуге тиімді дайындалудың жолы туралы талдайтын боламыз.

ХХ ғасырдың 90 жылдарының аяғында елде мектеп түлектері Кешенді тестілеу арқылы жоғарғы оқу орнына оқуға түсе бастады. Ал 2000-шы жылдардың басында кешенді тестілеудің формасы ҰБТ-ға өзгеріп, мектептер, білім бөлімдері мен басқармаларының жұмысына тестілеудің қорытындысымен баға беретін болды. Әр министр ауысқан сайын ҰБТ-ға бір жаңалық әкеліп, оқушылардың алаңдауына себеп болғанын да білеміз. 

Біріншіден, биылғы жылы түлектердің психо-эмоционалдық жай-күйін бірінші орынға қою арқылы жаңа жоспар қарастырылып жатыр. Енді мамырда тестілеу өтпеуі мүмкін. Оның басты себебін Руслан Емелбаев психология саласымен ұштастырып тарқатты.

«Арнайы топ жұмыс жасап жатқан жаңа жоспар бойынша түлектің бес рет ҰБТ тапсыруға мүмкіндігі болады. Ол – қаңтар, наурыз, сәуір, маусым және тамыз айы. Негізгі тестілеу, яғни мемлекеттік грантқа өтіп өтпеуін шешетін тесттің бірінші мүмкіндігі – сәуірде, екінші мүмкіндікке тіркеу мамыр айында басталып, маусым айында өткізу жоспарлануда. Себебі, мамырда мерекелік күндер көп және түлек үшін ең маңызды күннің бірі – соңғы қоңырау. Дайындықты талап ететін бұл күнді әр оқушы жоғары деңгейде өткізгісі келетіндіктен, тестілеуге концентрациясы төмен болады. Осыны ескеріп отырмыз», – деді Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының директоры.

ҰБТ-ның жалпы форматында өзгеріс жоқ. Былтырғы екі реттік тапсыру мүмкіндіге пандемиядан кейін тек бір жылға ғана бекітілген болса (тестілеу нәтижесін төменде берілген инфографикадан көре аласыздар), 2022-2023 оқу жылында ережеге толық өзгеріс енгізіліп, бұдан былай түлек негізгі екі реттік тапсыру шешімі қабылданды.

Пәндік және құрылымдық өзгеріс

Биылғы оқу жылынан бастап бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне «Информатика» пәні енгізілді. Білім беру бағдарламсының «Информатика пәнінің мұғалімін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығы бойынша түсетін талапкерлер ҰБТ-ның таңдау пәні ретінде «Математика-информатика» комбинациясы бойынша тапсырады.

Сондай-ақ ҰБТ тапсырмасының құрылымына өзгеріс енгізілді:

Бұған дейін оқу сауаттылығында төрт мәтін талдауға берілетін болса, ендігі кезекте үш мәтін бес сұрақтан, шекті балл 15-ті құрайды. Ал Қазақстан тарихы пәніне екі мән-мәтін сұрағы қосылып, шекті балл 20-ға жетті. 1-10 сұрақ пәндік білімді тексеруге бағытталатын болса, ал 10-20 сұрақ арасындағы контекст тұтас және тұтас емес (сурет, график, диаграмма, кесте және т.б.) мәтін түрінде беріледі.

«Тест тапсырмасындағы дистракторлар санын азайту шешімі жан-жақты сараланып қабылданды. Оқу сауаттылығының тапсырмасын азайтқанмен де мәтінмен жұмыс жасау идеясы қалды. Белгілі бір стандарқа келтіре отыра тапсырмалар белгіленді. Бастысы, мәтінге анализ жасау функциясы сол қалпы қалды», – дейді Руслан Емелбаев.

Талапкер қай мамандыққа түсетінін анықтау үшін бейіндік пәндерді өзі таңдауы керек. Мысалы, математика+физика пәнін тапсыру кезінде талапкер 52 мамандықтың ішінен таңдау мүмкіндігіне ие.

Сараланған грант

Демографиялық толқынды ескере отыра мемлекеттік грант бөлудің жаңа тетігі құрастыруда. 2022 жылғы түлектерге 88 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 19 пайызға көп болғанымен, студенттердің 60 пайызы ақылы білім алуда. Санақ бойынша студенттер саны – 609 мыңнан асты. Бұл мәселенің алдын алу мақсатында мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында 30-дан 100 пайызға дейін сараланған гранттар үлгісін енгізуді тапсырды. Министрліктің баспасөз хатшысының айтуынша, бүгінде арнайы жұмыс тобы құрылып, әлемдік тәжірибе бойынша зерттеу жұмысы жүргізілуде.

АҚШ пен Еуропа елдерінде дәстүрлі жүйе болып қалыптасқан бұл бағыт, оқушының әр баллға деген мұқияттылықты арттырады. Статистика бойынша қарастырар болсақ, биыл түлектер саны 177 мыңды құрайды. Ал осы оқу жылында қазақ мектебінің табалдырығын аттаған жасөспірімдер саны 400 мыңнан асты. Осы сандарға қарай, 2025 жылға дейін грант санын жыл сайын 10 пайызға көтеріп отыру жоспарлануда.

Грантты ваучерлік жүйе бойынша тағайындау жұмыстары тек министрлікпен ғана емес, ұлттық, мемлекеттік және жеке жоғары оқу орынының ректорларымен бірлесе атқарылып жатыр. Жоспар уақылы орындалса, биылға жылдың түлектерінің грант иеленулеріне мүмкіндік жоғары болмақ.

«Мысал ретінде, бұған дейін 125 балл жинаған оқушы мен 80 балл жинаған талапкерге бірдей 100 пайыздық грант берілетін. Ал жасалып жатқан жаңа жүйе бойынша 80 балл алған түлек 50 пайыздық грант иеленуі мүмкін. Яғни, алған баллға қарай грант бөлінеді. Мемлекет барлық түлектерді толықтай мемлекет қаржысымен қамтамасыз ете алмайды. Бұл – көбірек білімпазды грантпен қамтамасыз етуге таптырмас мүмкіндік. Жұмыс тобы әлі де жұмыс жасап жатыр. Нәтижесінде грант саны көбейеді, белгілі бір жеңілдікпен оқитын талапкерлердің саны артады», – деді Руслан Емелбаев.

Жауапсыз нұсқа

Тағы бір даярлық үстіндегі жоба – жауабы жоқ, нұсқасыз тапсырма. 2024 жылы енгізілуі мүмкін, қазіргі таңда жоба ретінде қарастырылып жатқан бағытта кейбір тест сұрағының орнына сәйкестендіру, орнына қою сынды тапсырмалар берілмек. Алайда оған ең алдымен – бейімделген платформа құру керек.

Жылдағы өзгерістер түлекке тек қиындап жатыр деген ой салады. Дегенмен мамандардың айтуынша, жоғарыда аталған сұрақтар жеңіл болады. Елдегі суицид жағдайына мән беретін болсақ, көп жағдайда ҰБТ-да сәтсіздікке ұшыраған жастар екенін білеміз. Психолог Ұлмекен Сәндібекқызының айтуынша, бүгінде балалардың үстірт қарау бейімділігі жоғарылап, кез келген ситуацияға екі жақты қарау дағдысы артты.

«Өскелең ұрпақ әлеуметтік желі картиналары арқылы ҰБТ-ға өмірдің ең маңызды бөлшегі ретінде қарауды қойды. Бәлкім, ата-ана тарапынан қысым да азайған болуы мүмкін. Қалай болса да, жан-жақты білім алу арқылы әр оқушы өзін дамытып келеді, өміріне деген жауапкершілік сезімі артуда. Ата-аналарда шекті балл талапкердің тағдырын шешпейтіндігін түсінді. Мектеп бітіруші ішкі потенциалын көтеріп, өзі қалаған мамандықты таңдай білу керек. Әрине, әр адам пендешілікке салынып оңай жолды, жоғарғы білімсіз табысқа кенелуді көздейді. Цифравизация дамып келе жатқандықтан, бәсекелестікке қабілетті болу мен қатар саналы, білімді болу маңызды», – дейді психолог.

Психологиялық тренингтің бірінде өз мақсатына берік азамат басынан өткен жағдайды баяндап берген-ді. Терапевт-дәрігер болуды қалап, төрт жыл тестілеуге қатысады. Үш жыл тестілеуден жоғары балл жинай алмай құлайды. Мақсатына жетуде табандылық танытып, білімін толықтырып, қатарластары жоғары оқу орнын бітірген жылы, ол медициналық академияға оқуға түседі. Сөйтіп, жастық шағының он жылдан аса уақытын мақсатын орындауға жұмсады. Ол – ер екен. Осыны мысал етіп айтып беріп еді. Психологтың мәлімдемесі осыған ұқсас. 

Бақ пен бап тартысына дайындық

Мыңдаған лайфхак пен миллиондаған кеңестің арасында өзіндік бір схема құру қиындық тудырады. Бұл ретте оқушының маңызды күніне дайындығын арттыратын арнайы орталықтар көмекке келеді. Барлығы нәтижелі болмаса да, алға қарай серпіліс бар. Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жайлы математикалық орталықтың негізін қалаушы Батыржан Ғалымжанұлы айтып берді.

«Ең басты қағида, ол – еңбек. Келесі кезекте –  жүйелі түрде дайындалу. Бес пәнге бәр уақытта дайындалу өте қиын. Уақытылы қандай да бір пәнді негізгі алып дайындалу қажет. 140 баллдың 90-ны баланың таңдау пәні, қалған елу балл негізгі пәнге беріледі. Яғни негізгі көңілді таңдау пәнге қою керек. Бастапқы дайындықты  бейіндік пәндерден бастаған дұрыс. Себебі Қазақстан тарихының тақырыптық құрылымын жаттап алуға болады. Ал математикалық сауаттылыққа база керек, дегенмен оны да аз уақытта құруға болады. Оған қоса мотивациялық тренинг өткізу де баланың жоғары балл жинауына септігі тиеді. Кез келген дүниені базалық деңгейден бастаған дұрыс. Негізінен білетін адамға математика пәні жеңіл. Себебі, басқа пәндерде жаттанды нақты бір жауап болады. Мысалға географияда белгілі бір теңіздің тереңдігін жаттамаған болсаңыз, сіз ол сұраққа жауап бере алмайсыз. Математикада формула мен есепті шығарылу жолын жаттау, бұл – адамның логикасына сүйену арқылы шешімін табатын пән», – дейді ол.

Ал 2022 жылы мектеп ұясынан ұшып, ҰБТ-дан 130 балл жинаған Азат Әбдірашитұлы:

«Абай атамыздың «Өзі­­ңе сен, өзіңді алып шы­ғар, еңбегің мен ақылың екі жақ­­тап», – деген сөзі үлкен жігер береді. Қаншалықты заманауи технологияның дамыған кезеңі болса да, тестке дайындалу барысында гаджеттерге көп көңіл бөлмеуді құптаймын. Себебі дәл осы емтиханда ол бізге ешқандай көмек бере алмайды. Логика және интуиция – ең басты қағида», – дейді.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Сондай-ақ ерекше білім алуды қажет ететін балаларға қосымша 40 минут беріледі. 50 балл табалдырық балы ретінде өзгеріссіз қалады. Жоғары оқу орындарының барлық 175 мамандығы бейіндік пәндер контекстінде 10 комбинацияға бөлінген.

P.S. ҰБТ талапкерлердің 11 жылдық білімін саралайтын бірегей платформа екенін дәлелдеді. Оның артықшылығы да аз емес. Бір ғана дәлел, тамыр-таныссыз, аға-көкесіз қарапайым отбасының ұл-қыздары мемлекеттік грантқа ие болу мүмкіндігі көп. Тек оқушы сапалы білім алып, тестілеу кезінде өзінің білімін дәлелдесе болғаны. 

Айым Даниярқызы
Бөлісу: