ҰБТ барысында ереже бұзған 402 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды

10 Шілде 2023, 13:24 1087

ҰБТ барысында 402 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Бұл туралы ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 312 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Кейбір тестіленушілерден жасырын камералар, микроқұлаққаптар, смартфондар және басқа да тыйым салынған заттар табылған.

Біз барлық бейнежазбаға 2023 жылғы 31 қазанға дейін талдау жасаймыз. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, талапкер білім беру грантынан айырылады. Естеріңізде болса, бұл норма 2020 жылы алғаш рет қолданылған еді. 2020 жылы бейнежазбаларды қайта қарау нәтижесінде 152 тестіленушінің, 2021 жылы 52 адамның, 2022 жылы 217 адамның нәтижесі жойылған болатын. Биыл да бұл жұмыс қолға алынды, - деді Руслан Емелбаев.

Оның айтуынша, ҰБТ электронды форматқа көшкеннен бері апелляция беру рәсімі жеңілдеді. Өткен жылдар сияқты апелляцияны келесі күні емес, үміткерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде бере алады. Биыл ҰБТ барысында 50 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның ішінде 805 өтініш қанағаттандырылды.

Биыл ҰБТ-да бір де бір бөгде тұлға анықталған жоқ. Естеріңізге сала кетсем, 2021 жылы мұндай 18 жағдай, 2022 жылы 1 жағдай анықталған еді, - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры.

Миражан Махан
Бөлісу: