ҰБ басшысы ипотека рәсімдеу кезінде мұқият болуға шақырды

ҰБ басшысы ипотека рәсімдеу кезінде мұқият болуға шақырды

Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов елордада өткен баспасөз мәслихатында қазіргі ипотекалық жағдайға қатысты өз көзқарасын бөлісті. Оның айтуынша, қазіргі несие мөлшерлемесінің деңгейі тұрғындардың міндеттемелерді өтеу қабілетіне айтарлықтай әсер етеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Сүлейменов жоғары пайыздық мөлшерлеме кезінде ипотека ресімдеуге мұқият қарау қажет екенін атап өтті. Оның сөзінше, қарыздың қымбаттығы салдарынан төлем жүктемесі едәуір артып, отбасылық бюджетке қосымша салмақ түсіреді.

Өмірлік тәжірибем көрсеткендей, мөлшерлеме тым жоғары кезде ипотека алуға асықпаған жөн. Нарықтағы пайыз 10-12 пайыз шамасында болғанда бір басқа, ал 20 пайыздан асқан жағдайда жағдай мүлден өзгереді, - деген пікір білдірді ҰБ төрағасы.

Ол әр азаматтың жеке шешім қабылдайтынын айтқанымен, қазіргі жағдайда ипотека алуды мұқият саралап, қажет болса кейінге қалдыруды ұсынды.

Ұлттық банк басшысы тұрғындарды қаржылық тәуекелдерді алдын ала есептеп, ұзақмерзімді міндеттемелерге асықпай қарауға шақырды.