Автомобиль тарихындағы ең көркем көліктердің қатарында Maserati маркасының орны айрықша. Бір ғасырға жуық уақыт бойы италиялық бренд сән мен талғамның, жылдамдық пен кербездіктің символына айналып келеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Maserati – бұл жай ғана көлік емес, бұл өнер туындысы. Бүгін әлемде шығарылған ең әдемі Maserati модельдеріне шолу жасап, автосұлулықтан шабыт алуға шақырамыз.
1963-1970 жылдары шығарылған екі орындық гран-туризмо алыс сапарға арналған жылдам әрі жайлы көлік ретінде ойластырылды. Барлығы 844 купе және 124 родстер жасалған.

Дизайнын әйгілі Пьетро Фруа әзірлеген Mistral өз дәуірінің ең стильді спорткарларының біріне айналды. Сымбатты пішіні мен талғампаз сызықтары бүгінге дейін классикалық эстетиканың үлгісі саналады.
1959-1961 жылдары жарысқа қатысушылар үшін шығарылған бұл модель «Birdcage» – «Құс торы» деген лақап атқа ие болды. Бұған себеп – 200-ден астам дәнекерленген түтіктен тұратын ерекше жеңіл шасси.
Барлығы 17 дана ғана шығарылған Tipo 61-дің дизайнын Джулио Альфьери жасаған. Ұзын артқы бөлігі мен төмен әйнегі оған қайталанбас жарыс стилін сыйлады.
2004 жылы Женева автосалонында таныстырылып, 2007 жылға дейін өндірілген бұл спорттық купе Фрэнк Стивенсонның қолтаңбасын танытады.
400 ат күші бар қозғалтқышы, жетілдірілген аэродинамикасы мен спорттық интерьері GranSport-ты нағыз жылдамдыққа арналған көлікке айналдырды.
1959-1966 жылдары бар-жоғы 34 дана ғана шығарылған бұл люкс купе ең бай тапсырыс берушілерге арналған. Алғашқы үлгісі Иран шахы үшін арнайы жасалды.
Дизайнер Карло Андерлони парсы барокко сәулетінен шабыт алған. 5000 GT қозғалыссыз тұрса да, жылдамдықты сездіретін сирек модельдердің бірі саналады.
«Төрт есік» деген мағынаны білдіретін Quattroporte 1963 жылдан 2023 жылға дейін үздіксіз шығарылды. Алты буын ауыстырғанына қарамастан, бұл модель әрдайым заманауи әрі сәнді болып қала білді.
Quattroporte – спорттық мінез бен бизнес-класс жайлылығын шебер үйлестірген седан.
1967-1973 жылдары шығарылған екі есікті гран-туризмо атауын Ливия шөлінен соғатын ыстық желден алған. Дизайнері – жас Джорджетто Джуджаро.
Акула тұмсығына ұқсас алдыңғы бөлігі, ашылып-жабылатын шамдары мен былғары орындықтары Ghibli-ді 1960-жылдардағы ең үздік спорткарлар қатарына қосты.
2020 жылдан бастап шығарылып келе жатқан бұл суперкардың атауы Maserati Corse 2020 дегенді білдіреді. Қанат тәрізді есіктері бар купенің дизайнері – Клаус Буссе.
630 ат күші бар V6 қозғалтқышы, ұзын капоты мен төмен төбесі MC20-ны әлемдегі ең сұлу заманауи спорткарлардың біріне айналдырды.
2004-2005 жылдары бар болғаны 50 дана, ал FIA GT чемпионатына арнап қосымша 12 дана шығарылған. Жалпы саны – 62 көлік.
Фрэнк Стивенсон жасаған MC12 – тек қуатты ғана емес, визуалды тұрғыдан да аңызға айналған жарыс көлігі. Үлкен спойлері мен кең корпусы жоғары қысым күшін қамтамасыз етті.
1955-1958 жылдары FIA әлем чемпионатына қатысу үшін жасалған. Барлығы 26 дана шығарылған.
Дизайнер Медардо Фантуцци жасаған бұл болид өзінің классикалық жарыс стилімен ерекшеленді. 300 S көптеген фильмдерде көрініп, тіпті Леонардо Ди Каприоның сүйікті көліктерінің бірі болған.
2007-2019 жылдары алғашқы буыны, ал 2023 жылдан бастап екінші буыны қайта шығарылды.
Магний мен алюминий қорытпасынан жасалған бұл толық жетекті гран-турер асқақ сызықтарымен, үйлесімді дизайнымен Maserati философиясын толық ашып көрсетеді.
Maserati – бұл тек инженерия емес, бұл эстетика, тарих және мінез. Әрбір моделі өз дәуірінің рухын бейнелеп, автомобиль әлемінде мәңгілік сұлулықтың символы болып қала береді.