Қазақстанның арнайы мақсаттағы бөлімшелері Дубай қаласында (БАӘ) өтіп жатқан UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінің бірінші күнін жоғары нәтижемен қорытындылады. Әлемнің 48 мемлекетінен келген 109 арнайы жасақ командасы қатысып жатқан жарыста қазақстандық құрамалар үздік ондыққа толық құрамда енді.
Алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша турнирлік кестеде Kazakhstan C командасы бірінші орында тұрса, Kazakhstan D командасы екінші орынға жайғасты. Ал Kazakhstan B командасы төртінші орын алып, Kazakhstan A командасы оныншы орынға тұрақтады.
Осылайша, Қазақстан атынан қатысып отырған төрт команда да алғашқы кезең нәтижесімен көшбасшылар қатарынан көрінді.
Сондай-ақ жарысқа қатысып жатқан еліміздің Tomiris қыздар командасы жалпы есепте 20-орынды иеленді. Бұл — турнирдегі әйелдер құрамалары арасындағы ең үздік көрсеткіш болып тіркелді.
Қазақстан командаларының сапына бір ту астында бірнеше ведомствоның таңдаулы жауынгерлері біріктірілген. Атап айтқанда, құрамаларда ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, ҚР Ішкі істер министрлігінің арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің қызметкерлері бар.
Халықаралық турнир бес күнге жоспарланған және 11 ақпанда аяқталады. Қазақстандық командалар жарыстың келесі кезеңдерінде де өнер көрсетуді жалғастырады.