ТЖМ өрт қасақана қойылған деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді

7 Қыркүйек 2022, 18:33 1165

Қабылданып жатқан шараларға қарамастан елімізде 659 орман өрті болды.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Өңірлердегі өртке қарсы  күрес шаралары туралы» спикерлердің қатысуымен өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды El.kz

Қостанай облысының Әулиекөл ауданында орман өрті басталғаннан бері 91 үй өртеніп, 2091 адам эвакуацияланған болатын. Жарақат алған адамдардан бөлек, бір адам көз жұмды.

Төтенше жағдайлар министрлігі өртке қарсы қызмет комитетінің басқарма бастығының орынбасары Тілеуберді Мәдиевтің айтуынша, жауын-шашынның аз болуынан жыл сайын елімізде 800-ге жуық табиғи өрт орын алады екен.

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, өрт қауіпті кезең басталғаннан бері 659 орман және 74 дала өрті, 2 181 дала жанулары тіркелді. Жанудың жалпы ауданы 131 мың гектарды құрады», - деді басқарма бастығының орынбасары Тілеуберді Серікбайұлы.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында табиғи өрттің үй-жайларға көшуі мамандарды да алаңдатып отырғаны айтылды. Қазіргі уақытта елімізде 12 өрт тіркелсе, соның 4-еуі Шығыс Қазақстан облысында, 4-еуі Қарағандыда және 3-еуі Абай облысында, 1-еуі Жетісу облысында орын алып отыр.

Алматыдағы өртке байланысты Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары  Самат Асаиновтың айтуынша, қаланың өрт сөндіру бөлімшелері күшейтілген режиімде қызмет атқарып жатыр.

«Күн сайын патрульдер ұйымдастырылады. Барлығы 19 өрт сөндіру бөлімшесі және департаменттің жеке құрамының 100-ден астам күші жұмылдырылды», - деді ол.

Ал Қарағанды облысында 7 қыркүйек күні облыс аумағында 8 табиғи өрт ошақтары бақылауға алынған.

«Оның 4-еуі үлкен табиғи өрт, көлемі 50 гектардан астам және 4 дала жанулары, көлемі 50 гектардан аз», - деді Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов.

Қазіргі кезде Қарағандыда барлық ошақтарда төтенше жағдайлар департаментінің жергілікті атқарушы органдарының ерікті жасақтары мен орман қожалықтарының күштері тартылған. Барлық ошақтар бақылауда.

«Ең қауіпті күн өткен тәулікте болды. 6 қыркүйек күні жалпы 17 хабарлама түсті. Оның көбі сөндірілді», - деді Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қасенұлы.

Журналистер тарапынан қойылған өрт сөндірушілердің төменгі жалақысына қатысты сұраққа спикерлер министрлік тарапынан жалақыны көтеуге байланысты ұсыныстар назарға алынып жатқандығын айтты.

Бұдан бөлек, спикерлер баспасөз мәслихатында қасақана өрт қою мүмкін деген қауесетке де жауап берді.

«Қасақана өрт шалуға келетін болсақ, қазіргі таңда мұнымен тиісті органдар айналысып жатыр. Ондай ақпарат келіп түскен жоқ деді. Өрттің шығу себебі бір-екі күнде анықталмайды», - деді ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитеті басқарма бастығының орынбасары Тілеуберді Мәдиев.


Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: