ТЖМ дәрігерлері Газиантепте медициналық көмек көрсету пунктін ашты

11 Ақпан 2023, 00:24 1423

Құтқарушылар құрамында Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмыс істеп жатыр

ТЖМ дәрігерлері Газиантепте медициналық көмек көрсету пунктін ашты, деп хабарлайды El.kz Апаттар медицинасы орталығына сілтеме жасап.  

Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға көмек көрсету үшін жіберілген құтқарушылар жасағының құрамында Апаттар медицинасы орталығының мамандары жұмыс істейді.

Дәрігерлер алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету үшін тұрғындарға білікті көмек көрсетуге арналған далалық медициналық пункт-пневмокаркасты модульін орнатты. Қабылдауды апаттар медицинасының білікті дәрігерлері жүргізуде.

Газиантеп қаласының тұрғындарын тәулік бойы медициналық қабылдау барысында Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері -  жиырмаға жуық науқасқа, олардың ішінде екі балаға консультациялық және білікті медициналық көмек көрсетті. Адамдар осы пунктке көбінесе жылынуға, туыстары мен жақындарын құтқарушылар тауып алғанша күтуге келеді, өйткені көпшілігі баспанасыз қалды.

ТЖМ пневмокаркас модульдерін өткен жылы сатып алғанын атап өткен жөн.  Бұл далалық медициналық госпиталь ірі зілзалалар мен апаттар туындаған кезде орналастыруға арналған. Мұндай мобильді аурухана толық орналастырылған кезде күніне 200-ге жуық зардап шеккен адамды қабылдай алады.

Өз өмірін қауіп-қатерге тігіп, Түркиядағы зілзала орнында ауыр жағдайда қызмет атқарып жатқан құтқарушылардың да денсаулығын сақтау ТЖМ медицина қызметкерлерінің басты міндеттерінің бірі. Дәрігерлердің айтуынша, бүгінгі күні Түркиядағы ТЖМ жеке құрамының денсаулығы жақсы, олар психологиялық тұрғыдан сау.

EL.KZ
Бөлісу: