ТЖМ басшысы әмбебап құтқару бөлімшесін ашты

Бүгiн, 11:22 161

Қазақстанның құтқару қызметтері жүйесін жаңғырту аясында Ақмола облысының Макинск қаласында өрт сөндірушілер мен медициналық персоналдың функцияларын біріктіретін жаңа мамандандырылған бөлімше ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл қадам құтқару қызметтерінің өзара іс-қимылын жақсартуға және төтенше жағдайларға ден қоюдың жеделдігін арттыруға бағытталған пилоттық жобаның маңызды элементі болды.

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов Макинсктегі жаңартылған №8 өрт сөндіру бөліміне жеке өзі барып, күрделі жөндеу және жаңғырту нәтижелерімен танысты. 1964 жылы салынған өрт сөндіру бөлімі рекордтық мерзімде, яғни өткен жылдың қазан айынан бастап бірнеше ай ішінде толығымен жаңартылды. Бүгінде ол өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі заманауи тәсілдің үлгісі болып табылады.

Өрт сөндіру бөлімдерін жаңғырту және құтқару жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, медициналық көмек көрсете алатын бірегей бөлімшелер құру — азаматтарымыздың қауіпсіздігін нығайтудағы маңызды қадам. Макинсктегі бұл жоба тек бастамасы. Біз бүкіл ел бойынша құтқару бөлімшелерін дамытуды және жаңғыртуды жалғастырамыз», - деп министр Шыңғыс Әрінов атап өтті.

Жаңа бөлімшенің басты ерекшеліктерінің бірі өрт сөндірушілер мен дәрігерлердің функцияларын біріктіру болып табылады, бұл төтенше жағдайларға ден қоюдың жеделдігі мен тиімділігін айтарлықтай арттырады. Жаңғырту шеңберінде құтқарушылардың еңбек жағдайлары да жақсарды: ғимарат жаңартылды, душ бөлмесі, ас үй, жуынатын бөлмелер мен демалыс бөлмелерін қоса алғанда, қызметтік және тұрмыстық үй-жайлар заманауи түрде жайластырылды. Бұған қоса, техникаға арналған бокс пен «BATYR TEAM» ведомстволық клубының жаттығу залы жабдықталды.

«Астана-Көкшетау» автожолында орналасқан трассалық медициналық-құтқару пунктінің жаңадан құрылған медициналық кабинетке көшуі жаңғыртудың тағы бір маңызды бөлігі болды. Медициналық блоктың заманауи жабдықтары шұғыл көмектің сапасын арттыруға және медициналық персоналдың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Жаңғырту шеңберінде жаңа бөлімшенің барлық жеке құрамы жаңа нысанды киім-кешекпен және арнайы техникамен қамтамасыз етілді.  Іс-шара барысында Шыңғыс Әрінов құтқару бөлімшелерінің формулярында естелік жазба қалдырды.

Бұл қадам бірыңғай құтқару және денсаулық сақтау жүйесін құрудың маңызды элементі болып табылады. Біз бұл пилоттық жобаның табысы төтенше жағдайларға жылдамырақ ден қою және зардап шеккендерге көмек көрсетуді жақсарту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенімдіміз, - деп Шыңғыс Әрінов атап өтті.

Жаңа бөлімше 30 мыңнан астам адам тұратын бірнеше жақын елді мекендердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Құтқарушылар да автожол учаскелеріне барып, апаттардың салдарын жоятын болады.

Төтенше жағдайлар министрлігі озық технологиялармен жабдықталған жаңа заманауи бөлімшелерді құра отырып, материалдық-техникалық базаны белсенді дамытуды және құтқарушылардың еңбек жағдайларын жетілдіруді жалғастыруда. Бұл төтенше жағдайларға ден қоюдың жеделдігін арттыруға және бүкіл ел бойынша құтқару операцияларының сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Перизат Саденова
Бөлісу: