ТЖМ 633 млн теңгеден астам қаржыға жаңа дрондар сатып алды

21 Тамыз 2023, 10:47 1046

Үкімет Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерін арнайы құрылғылармен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауда. Бұл мақсаттарға Үкімет резервінен 633 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Тиісті қаулыға ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құжатқа сәйкес, қаражат табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қатысатын Төтенше жағдайлар министрлігінің әуе кемелеріне 5 су шашу құрылғысын және 71 ұшқышсыз ұшу аппаратын сатып алуға бағытталатын болады.

Бүгінгі таңда ТЖМ қарамағында 27 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Алайда биылғы жылы орын алған өрттер мен басқа да төтенше жағдайлар олардың санының жеткіліксіз екенін көрсетті.

Сонымен қатар қазіргі уақытта ашық су қоймаларынан су алып, табиғи өрт ошақтарына әуе арқылы жеткізу үшін 12 су шашатын құрылғы бар. ТЖМ авиациялық паркі көпфункциялы 34 әуе кемесінен тұрады. 

Осылайша, жаңа дрондар мен су шашу құрылғыларын сатып алу табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде тиісті бөлімшелердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. 

Еске сала кетейік, жыл сайын елімізде 1 мыңға жуық орман және дала өрттері, сондай-ақ 4 мыңға жуық табиғи өрт тіркеледі.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: