ТЖД: Судағы қауіпсіздік сақталмаса, демалыс қайғылы аяқталуы мүмкін

ТЖД: Судағы қауіпсіздік сақталмаса, демалыс қайғылы аяқталуы мүмкін

Шомылу маусымы басталғалы Жетісу облысында судағы қайғылы оқиға тіркеліп үлгерді. Ресми шомылу кезеңі 1 маусым мен 31 тамыз аралығында өтеді. Алайда қазіргі таңда өңірде суға түсудің 2 қайғылы жағдайы орын алған. Екі факті де суға түсуге рұқсат етілмеген орында болған. Қайтыс болғандардың бірі – бала. Жалпы өңірде шомылу маусымы басталғалы бері жеті бала құтқарылған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мұндай деректі облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Бағдат Тыныбек айтты.

Қазіргі таңда облыс аумағында екі қайғылы жағдай тіркелді.  Оның бірі – қауіпті орында суға шомылған бала. Өкінішке қарай, бұл оқиға ата-аналардың жауапсыздығынан және қауіпсіздік ережелерін елемеуінен орын алды. Сондай-ақ шомылу маусымы басталғалы бері облыста жеті бала құтқарылды. Олардың барлығы Алакөлде құтқарылғанын ерекше атап өткім келеді. Алакөл – біздің өңірдегі ең үлкен және ең танымал демалыс аймағы. Сондықтан құтқарушыларымыздың жұмысы екі есеге артты, – деді Бағдат Тыныбекұлы өңірде өткен брифингте.

Ақпарат ретінде айта кетсек, Жетісу өңірінде шомылуға рұқсат етілген 5 орын мен тыйым салынған 76 учаске бекітілген.

ТЖД өкілінің айтуынша, Алакөл көлінің жағасында қауіпсіздік шараларын сақтау жұмыстары барынша күшейтілген. Күн сайын патрульдік топтар рейд жүргізіп, демалушыларға судағы қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде. Алайда адамдардың қауіпсіздік ережелерін сақтамауы салдарынан құқық бұзушылықтар саны азаяр емес.

Қанша түсіндірсек те, ескерту белгілеріне қарамастан, тұрғындар тыйым салынған орындарда суға түсуді жалғастырып келеді. Осы күнге дейін 29 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Олардың бәрі – жабдықталмаған, қауіпті орындарда шомылғандар. Бұлар ескерту белгілерін көрсе де, заң талаптарын елемеген азаматтар, – деді спикер.

Басқарма өкілі балалардың қауіпсіздігіне қатысты тағы бір өзекті мәселені көтерді. Оның айтуынша, ата-аналардың балаларын қараусыз қалдыруы қайғылы жағдайларға себеп болып отыр. Өңірде алты жағдай тіркеліп, балалар жоғалып кеткен. Абырой болғанда, құтқарушылар дер кезінде тауып, ата-аналарына аман-есен тапсырған. Бірақ бұл жайттардың соңы трагедиямен аяқталуы әбден мүмкін еді.

Балаларды қараусыз қалдыру мәселесі өте өзекті. Демалушылардың көпшілігі өздері бөлек демалып, балаларын қарамай, оларды өз бетімен жіберіп қояды. Ата-аналардың бейқамдығынан балалар адасып, кейде оларды табу қиынға соғады. Өйткені Алакөл жағасында бір уақытта өте көп адам демалып жатады. Ондай кезде балаңызды іздеп табу оңай емес, – деп ескертті Бағдат Тыныбекұлы.

Құтқарушылар туристердің судағы тәртіпті елемей, қауіпке бас тігуі жиі кездесетінін айтады. Мысалы, матраспен суға шығып кетіп, желдің күшеюінен алысқа ағып кеткен балаларды құтқару фактілері тіркелген. Қатты жел кезінде өзен-көлдерде адам өміріне қауіп төнетінін тұрғындар ескере бермейді.

Қатты жел болған кезде матраспен демалып жүрген балаларды су алыстан алып кеткен жағдай болды. Сол кезде біздің құтқарушылар жақын маңда патрульде жүрген болатын, олар балаларды аман алып шықты. Су – өте қауіпті орта. Көзге көрінбейтін қауіп көп. Бір сәттік бейқамдық адам өмірін қиюы мүмкін, – деді ТЖД өкілі.

Одан бөлек, көпірден суға секіру, қайықтарға құтқару желетін кимей міну, спортшы екенін айтып, бойындағы күшін дұрыс бағаламай белгіленген аумақтан шығып кету секілді жағдайлар да қайғылы оқиғаларға әкелуде. Сонымен қатар соңғы кезде жалған дабыл беру, суға батып бара жатқан адамды көргендей айқайлап, құтқарушыларды алдап шақыру деректері де тіркелген.

Кейбір балалар ойнап жүріп, «батып барамын» деп айқайлап, құтқарушыларымызды әуре-сарсаңға салады. Мұндай жағдайлар да жауапкершілікке тартылады. Ата-аналарға бұл тұрғыда балаларын қадағалауды тағы да ескертеміз, – деді спикер.

Тағы бір маңызды мәселе – ішімдік ішіп суға түсу. Маманның сөзінше, мас күйінде суға түсу адам өмірі үшін өте қауіпті. Өйткені ішімдік ішкен адам өз-өзін бақылауда ұстай алмайды.

Мас күйінде суға түсіп, батып кеткен жағдайлар да кездеседі. Сондықтан алкогольдік ішімдік ішіп суға түсуге қатаң тыйым салынады. Өйткені бұл қайғылы жағдайға алып келеді, – деді  Бағдат Тыныбекұлы.

Талдықорған қаласы бойынша да жағдай күрделі. Өйткені облыс орталығында халық саны көп. Адамдар ыстықта салқын су іздеп, жабдықталмаған орындарға барып суға түседі. Қалалық жағажайда барлық жағдай жасалғанына қарамастан, тұрғындар бейберекет орындарды таңдайды. Маманның айтуынша, мұндай жабайы жағажайларда баланың аяқтары темір конструкцияларға қысылып қалып, құтқарушыларға шығарып алу үшін металл кесуге тура келген жағдайлар да тіркелген.

Қалалық жағажайда су айналымы тұрақты жүргізіледі, түбі тексерілген. Арнайы қоршаулр қойылған. Алайда тұрғындар белгіленбеген орындарға барып, қауіп төндіреді. Біз тұрғындарды қауіпсіз жағажайларды таңдауға шақырамыз. Су – ойнауға арналған жер емес. Ол – қауіп. Сондықтан абай болыңыздар, – деді ол.

Құтқарушылар облыстағы екі ірі көл – Алакөл мен Балқашта күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Қосымша құтқарушылар Талдықорғаннан жіберілген. Бірақ бір уақытта бірнеше бала жоғалып кеткенде, барлық құтқару топтары іздеуге жұмылдырылады. Сол себепті демалушылар арасында «құтқарушыларды көрмедік» деген пікірлер туындауы мүмкін екенін маман түсіндірді.

Біздің құтқарушыларымыз тәулік бойы жұмыс істейді. Күндіз де патрульдеу, түнде де рейд жүргізеді. Қауіпсіз демалыс қамтамасыз етілуі үшін құтқарушылар қолдан келгенін жасап жатыр. Бірақ бәрі ата-аналар мен демалушылардың өз жауапкершілігіне де байланысты, – деді Бағдат Тыныбекұлы.

Айта кетсек, облыста маусым айынан бастап ТЖД қызметкерлері полиция департаменті, жергілікті атқарушы орган өкілдерімен және еріктілермен бірлесіп 967 рейд пен патрульдік іс-шара өткізіп, оған 1000-нан аса адам қатысқан.

Өз сөзінде спикер ата-аналарға баланы қараусыз қалдырмауды тағы бір мәрте ескертті. Себебі судағы қайғылы оқиғалардың басты себебі – дәл осы.

Су айдындарында балаға қарау – басты талап. Қауіпсіздіктің ең қарапайым ережесін сақтасақ, демалыс та қауіпсіз әрі есте қаларлықтай өтеді. Біз халықты қайғылы жағдайға тап болмауға шақырамыз. Қауіпсіздік – әркімнің өз қолында, – деп қорытындылады Бағдат Тыныбекұлы.

Баспасөз брифингінде сөз алған екінші спикер – Талдықорған қалалық төтенше жағдайлар басқармасының азаматтық Қорғаныс тобының офицері Дамир Тасболатов өңір орталығында судағы қауіпсіздік шаралары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, жаз басталғалы шомылу маусымында Талдықорған қаласының су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алу және адам өліміне жол бермеу мақсатында тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.  

2025 жылдың 10 мамырында бір қайғылы жағдай тіркелді. Қаламызға қарасты Алмалы саяжай қоғамындағы балық өсіретін тоғанда кәмелетке толмаған бала қараусыз қалып, суға құлап кеткен, – деді Данияр Асқарұлы.

Басқарма басшысы атап өткендей, мұндай оқиғалардың басты себебі – балаларды қараусыз қалдыру. Сонымен қатар мас күйінде суға түсу, балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау және су айдындарынан өту кезінде абайсызда суға құлап кету жағдайлары да адам өміріне тікелей қауіп төндіріп отыр.

Біз тұрғындарға қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндірудеміз. Су – қауіпсіздік талаптары ескерілмесе, ең қауіпті орта. Әсіресе ата-аналардан балаларын бақылаусыз қалдырмауды сұраймыз. Өйткені олардың бір сәттік бейқамдығы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін, – деді Данияр Тасболатов.

Қала аумағында суға шомылуға ресми рұқсат етілген бір ғана орын бар. Ол – Қаратал шағын ауданында орналасқан арнайы жабдықталған бассейн. Қала тұрғындары үшін қауіпсіз демалыс ұйымдастыру мақсатында бассейнде барлық қажетті жағдай жасалған.

Бұл бассейнде күн сайын кезекшілік ұйымдастырылған. Алғашқы медициналық көмек көрсету пункті жұмыс істейді. Ол қажетті құрал-жабдықтармен және дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар бір құтқару бекеті жарақтандырылған. Онда екі құтқару шеңбері, дауыс зорайтқыш құрылғысы, санитарлық сөмке және төрт құтқарушы төсбелгісі қарастырылған. Құтқарушылар күн сайын кезекшілікке шығып, тұрғындардың қауіпсіз демалысын қамтамасыз етуде, – деді Азаматтық қорғаныс тобының офицері.

Данияр Тасболатовтың айтуынша, қалалық жағажай мен арнайы рұқсат етілген су айдындарында демалған әлдеқайда қауіпсіз. Себебі мұндай орындарда құтқарушылар, дәрігерлер және қауіпсіздік мамандары үнемі жұмыс істейді. Ал тұрғындардың жабдықталмаған орындарда суға түсуі немесе балық аулауы олардың өміріне қауіп төндіреді.

Брифинг соңында спикерлер тұрғындардан суға түсу кезінде қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауын және балаларды қараусыз қалдырмауын ескертті. Себебі судағы қауіпсіздік сақталмаса, демалыс соңы қайғылы оқиғамен аяқталуы мүмкін.

Төтенше жағдайлар департаменті судағы қайғылы оқиғалардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра бермек. Жауапты мамандар демалушыларды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.