ТЖД қызметкері суға батып бара жатқан баланы құтқарды

2 Тамыз 2023, 04:33 1132

ШҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» Октябрь кентінің № 20 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Еламан Нукушев қызметтен бос уақытында жазатайым оқиға болған кезде кездейсоқ қасында болған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұқтырма су қоймасы ауданында Еламан адамдардың айқайын естіді. 13 жасар бала суда басқа балалармен ойнап жүргені белглі болды. Осы уақытта көтерілген толқын баланы басып қалып, судан шығуына мүмкіндік бермеді. Туыстары жақын жерде болган, бірақ жүзе алмайтындықтан, көмек сұрап қатты айқайлай бастады. Еламан еш ойланбастан суға секіріп, батып бара жатқан балаға жетіп, оны құтқарды.

Бала Семей қаласынан демалуға келіпті, оның есімі Елжан.

Құтқарылған баланың туысы мен оқиға куәгері Есбол Коншинов  қиын уақытта Еламанның қасында болғаны үшін риза болды. Батырдың ерлігі туралы баланың жақындары әлеуметтік желілерде ақпарат пен шын жүректен алғыс сөздерін жариялады.

Ержүрек және біреудің басына іс түскенде бей-жай қарамайтын Еламан Нукушев азаматтық қорғау органдарында 2014 жылдан бастап жұмыс істейді, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясын бітірген. Бала кезінен өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қатарында болғым келген дейді.

Қазір ол Октябрь кентінде қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және өрттерді сөндіруге және төтенше жағдайларды жоюға қатысады.

 Бұл оның өміріндегі екінші құтқару оқиғасы. Біріншісі 2022 жылы Октябрьский ауылында болған өрт кезінде болды, ол егде жастағы әйелді құтқарды.

Перизат Саденова
Бөлісу: