17.01.2026
10:12
457
ТЖД Атырауда жоғалған екі тұрғынды іздеуді тоқтатты​

ТЖД Атырауда жоғалған екі тұрғынды іздеуді тоқтатты​

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында Наурыз бен Мирамгүлді іздеуге бағытталған іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

"Ақ Жайық" басылымының жазуынша, департамент іздестіру жұмыстарына Атырау облыстық полиция департаментінің ресми сұрауы бойынша құтқару бөлімшелері тартылып, елді мекен аумағы толық тексерілгенін мәлімдеді. 

Полиция белгілеген барлық учаскелер толық тексерілді. Қазіргі уақытта полиция департаментінен іздестіруді жалғастыруға қатысты жаңа тапсырмалар немесе бағыттамалар түскен жоқ, - деп мәлімдеді ТЖД.

Еске сала кетейік, бір отбасының мүшелерін іздеу былтырғы 25 желтоқсанда туыстары құқық қорғау органдарына жүгінгеннен кейін басталған еді. Тергеу барысында қорадан үй иесі мен оның жұбайының денелері табылған болатын. Алайда олардың балалары - Наурыз бен Мирамгүл әлі күнге дейін табылған жоқ.

Сонымен қатар қаза тапқандардың күйеу баласы - Сұлтан Сарсемалиевтің қайда екені белгісіз. Ол кісі өлтіру ісі бойынша күдікті ретінде қарастырылып отыр. Сондай-ақ оның жұбайы Ақбаян қаза болған ерлі-зайыптылардың қызы да із-түзсіз кеткен.

Атырау облысының Жангелдин ауылында 6 қаңтар күні 66 жастағы Максот Қарабалин мен оның 64 жастағы жұбайы Насип Өтешқалиеваның мәйіттері табылған болатын. Қайтыс болған ерлі-зайыптылардың үш баласы бар: жастары 35 және 30-дағы екі қызы, сондай-ақ 32 жастағы ұлы. Ресми түрде жұбайлар мен олардың екі баласы - 35 жастағы қызы мен 32 жастағы ұлы 2025 жылдың 25 желтоқсанында із-түзсіз жоғалды деп жарияланған. Алайда туыстары олармен байланыс қараша айынан бері үзілгенін айтып отыр.

Аталған іс бойынша негізгі күдікті ретінде марқұмдардың 29 жастағы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев танылып, оған халықаралық іздеу жарияланған.

Сонымен қатар оның жұбайы, қаза тапқандардың кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиева да хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде халықаралық іздеуге алынды. Әлеуметтік желілерде күдіктілердің қай елде жасырынып жүруі мүмкін екені жөнінде түрлі болжамдар айтылғанымен, полиция іздеу бағыттарын құпия ұстап отыр.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, ерлі-зайыптылардың бес немересі бар, қазіргі таңда олар әкесі жағынан туыстарының қамқорлығында.