ҚТЖ қазақстандық кеменің Украина астығын тасымалдауы туралы пікір білдірді

1 Шілде 2022, 17:00 1669

«Жібек жолы» кемесімен Бердянск теңіз сауда порты арқылы Украинадан астық экспортталады

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы қазақстандық «Жібек жолы» кемесімен Украинадан астық экспортталып жатқанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Кеше бірқатар басылымда қазақстандық «Жібек жолы» кемесімен Бердянск теңіз сауда порты арқылы Украинадан астық экспортталатыны туралы ақпарат жарияланды.

«KTZ Express» АҚ 2021 жылғы 26 қазанда «KTZ Express Shipping» ЖШС ресейлік Green Line LLC компаниясымен бербоут-чартер шартын жасасқанын түсіндіреді.

Оның ішінде мынадай шарттар бар:

- дедвейті 7000 тонна «Жібек жолы» кемесі үшінші тұлғаларға беру құқығынсыз берілді (2016 жылы Невский кеме жасау және жөндеу зауытынан сатып алынды);

- 2022 жылдың 30 қарашасына дейін жарамды;

- халықаралық тәжірибеге сәйкес санкциялық тармақ бар: «Green Line» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келісім-шарт жасасқан күні және әрекет ету мерзімі ішінде оларға ешқандай санкциялар қолданылмайтынына кепілдік береді.

Әйтпесе, кеме иесі келісімшартты дереу бұзуға құқылы.

Айта кетейік, «Green-Line» ЖШС және оның басшылығы (Шепин А.В., Тихомирова М.В.) АҚШ, ЕО, Ұлыбритания және Канаданың санкциялық тізіміне енбеген.

Тәжірибеге және жасалған шарттарға сәйкес жалға алушы жүктің түрі мен оны тасымалдау бағыттары бойынша кеме иесімен келіспейді.

«Green-Line» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1999 жылдан бері астық және мұнай трейдері ретіндегі эстониялық Mangelbert OU компаниясымен Украинадан Түркияға астық тасымалдау қызметін көрсетуге ұзақмерзімді келісімшартқа отырды.

Mangelbert OU басшысының айтуынша, 2022 жылдың 28 маусымында «Жібек жолы» кемесі Бердянск теңіз сауда портында (6 927,8 тонна) бидай тиеп, порттан Түркияның Қарасу порты бағытында шықты (болжалды уақыт бойынша кеменің келуі - 1 шілде).

Сонымен қатар астықтың украиндық екені, ал тасымалдау украиналық тараптың өтініші бойынша келісілген гуманитарлық дәліз бойынша жүзеге асырылатынына сенімді.

Бұл ретте «KTZ Express» АҚ осы тасымалдауға қатысушылармен, сонымен бірге дипломатиялық миссия өкілдерімен белсенді консультациялар жүргізеді.

«KTZ Express» АҚ қолданыстағы санкциялық шектеулерді қатаң сақтауға міндетті екенін жете түсінеді.

Бөлісу: