Тыңдайтын құлақ жоқ. Шалшық судан шаршаған қызылордалықтар мұңын айтты

10 Тамыз 2023, 15:30 1845

Қызылорда облысындағы су тапшылығы мәселесі жылдан жылға артып келеді. Биыл су мәселесі шешілмегендіктен күріш егіншілігімен айналысатын шаруалар еккен егінін пайдаланылған сумен суғаруға мәжбүр болып отыр. Осы ретте алдымен су тапшылығынан зардап шеккен шаруалардың мұң-мұқтажына құлақ астық. Одан кейін Қызылорда облысының әкімдігінен, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалынан да жауап алдық.

«Сағадағы ел су ішеді, аяғындағы у ішеді»

Қызылорда облысы Қармақшы ауданы  «Жаңажол» ЖШС төрағасы Орынбасар Төлепов күріш егумен айналысып отырған шаруалардың бірі. Ол қажет суға қолжеткізе алмай отырғанына алаңдатушылық танытты.  

Күрішті еккеннен кейін оның 70 пайызын су басып тұру керек қой. Ал сол егінімізді еккен жерге су жетпей жатқандықтан, оны сақтап қалудың амалын жасау үшін жарамсыз суды пайдаланудамыз. Суды жеткізіп беруші мекеме монополист болып тұр. Олармен әбден салғыласып болдық. Тыңдайтын құлақ жоқ. Сылтауратып барлығын жоғары жаққа жабады. Судың жоқ екенін біліп отырмыз ғой, бірақ келісімшартқа келген кезде суды бермесе де ақшасын алады. Сонда қаншама қаржы олардың қалтасына түсіп жатыр, - деді төраға.

Орынбасар Төлепов ешкім ешқандай жауапкершілікті сезбей отыр деп налыды.

Мамыр айының басында бізге 550 м3/сек су беруі керек еді. Су тек маусым айының 12-сі күні бір-ақ келді. Су кешіккен сайын жанымыз шығады. Бізге немқұрайлы қарап, суды кеш жібергеннен кейін күріш егуді де кеш аяқтадық. Ол ертең күріштің күзде өнім беруіне әсер етеді. Қазір осындай қиыншылықтар болып жатыр Былай қарап отырсаң қазаққа деген бір қастандық бар шығар деп те ойлайсың. Одан басқа біздің айтарымыз жоқ. Әйтпесе жылда істеп жүрген жұмыстарын біледі, - деді ол.

Қармақшы ауданы «Жаңажол» ЖШС төрағасы су алу қиындап кеткенін жеткізді.

Біз Қармақшы ауданы айналдырған 12-13 мың гектар жерге күріш егеміз. Алдымыздағы 2 аудан 20 мыңнан аса гектар жерге күріш егеді. «Сағадағы ел су ішеді, аяғындағы у ішеді» демекші, алдымыздағы аудандар су алып біткенше біздің суға қол жеткізуіміз қиын. Күрішімізді су жетіспеушілігінен өлтіріп алатын болсақ, артынан берген суы кімге керек?, - дейді Орынбасар Төлепов.

Қармақшы ауданы «Тұрмағанбет» ЖШС басшысы Нұржан Пірмәнтаев та егілген күрішке пайдаланылған суды қайтадан құюға мәжбүр болғанын айтады.

Кейбір азаматтар қашыртқыдағы пайдаланылған суды қолдануға қарсы болып жатыр. Көлден балық аулайтын балықшылар қашыртқыдағы судың балықтарымызға зияны тиіп жатыр, неге ол суды көлге қайтып құяды дейді. Бірақ біз енді амалдың жоқтығынан құйдық қой. Күріш – Қызылорда облысының негізгі дақылы. Күрішпен қаншама халық күн көріп отыр. Онымен біз бала-шағамызды асырап отырмыз, - деді басшы.

Мамыр айындағы су маусым, ал шілдеде берілуі тиіс су тамызда берілген

Өткен жылғы егілген 78,6 мың гектардан 50,3 цн/га өнім алынып, 395396 тонна сыр салысы жиналған. Ал биыл Қызылорда облысы бойынша 88,1 мың гектар жерге күріш дақылы егілді. Қызылорда облысы әкімдігі одан 50 центнерден өнім жиналып, 440535 тонна астық жиналады деп жоспарлап отыр екен.

Әкімдіктен қазіргі шаруалардың су тапшылығынан зардап шегіп отырғандағы себебін сұрадық. Олар Қызылорда облысы аумағындағы егіс алқаптары Сырдария өзені арқылы келетін су көзіне тікелей тәуелді екенін айта кетті.

2020 жылдан басталған күрделі су тапшылығы бүгінге дейін үздіксіз жалғасуда. Облыс аумағында шаруашылық құрылымдарының орналастырған егіс алқаптарын судан қалдырмауды қамтамасыз ету мақсатында каналдар арқылы кезектесіп су беру жұмыстары, насос қондырғыларын іске қосу және суды үнемдеу мақсатында күріш атыздарынан су тастауды азайту шаралары қабылданған, - делінген әкімдіктің берген жауабында.

Судан таршылық көрген шаруалар мамырда берілуі тиіс суға маусым айында, ал шілде айында берілуі керек болған су тамыз айына ауыстырылды деп наразылығын білдірген болатын. Осы мәселеге қатысты Қызылорда облысының әкімдігіне де, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалына да жазған едік. Олардың берген жауабы да бір болды. Шаруалардың айтқанын жоққа шығарып, әр айда берілуі тиіс су көлемі жоспарға сәйкес жүргізіліп отыр дейді.

Осы жылы вегетациялық кезеңнің басталуына орай Шардара су қоймасынан Сырдария өзенімен жету уақытына сәйкес облысқа 12 сәуірде 300 м3/сек, 16 сәуірде – 350 м3/сек, 22 сәуірде – 400 м3/сек, 24 сәуірде - 450 м3/сек және 3 мамырдан бастап 500 м3/сек-қа дейін біртіндеп ұлғайтылған болатын. Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына жіберілетін су көлемі алдын ала су пайдалану жоспары мен су пайдаланушылардың сұранысына сәйкес жүзеге асырылады.  Сондай-ақ Филиал тарапынан дақылдардың суару нормасына сәйкес вегетациялық кезеңде әр айда берілетін су көлемі сол айда берілуде, - дейді Қызылорда облысының әкімдігі мен «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы.

«Қазсушар» РМК Қызылорда филиалынан диханшылардың осы күнге дейін амалсыздан жарамсыз суды пайдалануының себебін сұрағанда, олар бұл мәселені қазіргі уақыттағы Арал-Сырдария бассейнінде су тапшылығы жағдайының күрделігімен байланыстырды.

Шардара су қоймасында жинақталған су көлемі былтырғы жылмен салыстырған 700 млн.текше метрге кем. Осы кезеңді өткен жылмен салыстырғанда Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына 450 м3/сек жіберілсе, бүгінгі күні 350 м3/сек жіберілуде. Су тапшылығы жағдайына сәйкес Филиал егілген егісті судан қалдырмау мақсатында күнделікті тиісті шараларды атқаруда, - делінген жауапта.

Тамыз айында шаруалар тағы сусыз қалмай ма?

Шаруалардың айтуынша, оларға беріліп жатқан су көлемі келісім шарттағы су көлемімен сәйкес келмейді. Олар берілмеген суға ақша төлеп отырмыз дейді.

Бұған «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы қазіргі уақытта керісінше су тапшылығы жағдайына сәйкес су пайдаланушылармен жасалған келісім шарттағы су көлемін каналдармен жеткізіп беруге мүмкіндік жоқ деп отыр.

Су пайдаланушылардың кейбірі биік егіс алқаптарына егіс орналастырса, біреуі канал сағасынан қашық аумақтарға егіс орналастырған. Мұндай жерлерге су тапшылығы жағдайында судың деңгейі жетіспеушілігі жиі орын алады. Ал канал сағасына жақын, су деңгейінен төмен орналасқан суармалы жерлерге жоспарлы суы толық жеткізіліп, бұл кезеңге дейін келісім-шарттан артық су көлемі берілген емес, - делінген жауапта.

Ендігі кезекте «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы шаруаларға тамыз айында су жоспарланған мөлшерде жеткізілетінін айтты.

Су пайдаланушылармен жасалған келісім шартқа сәйкес нақтыланған су пайдалану жоспары әзірленеді. Осы жылдың тамыз айында жоспарға сәйкес Сырдария өзенінен магистралді және шаруашылықаралық каналдар арқылы 526,1 млн. текше метр су алынып, су бөлу нүктелері арқылы су пайдаланушыларға 417,2 млн. текше метр су жіберу жоспарланған, - дейді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының баспасөз қызметі.

Егіні құрғақшылықтан күйіп жатқан шаруалардың шығыны қалай өтелмек?

Су жетіспеушілігінен кейбір шаруалардың құрғақшылықтан егіні күйіп, біршама шығынға батқан.

Қызылорда облысының әкімдігі шаруалардың «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалдарымен келісім-шарты болмаса, ешқандай шығын өтелмейді деп отыр.

«Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аймақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңының 6-бабы 1 тармағының 41-9, 10 тармақшаларына сәйкес ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 19 мамырдағы № 172 бұйрығымен «Сақтандыру өнімдерін субсидиялау» Қағидасы және ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 14 мамырдағы №170 бұйрығымен «Сақтандыру өнімдерін әзірлеу және бекіту» Қағидасымен ерікті сақтандыру жүйесін көздейтін бекітілді. Бұл жүйеге оператор болып «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ белгіленген. Осы бұйрықтарға сәйкес сақтандыру сыйақысы мөлшерін анықтау жөніндегі жұмыстарды және келісім шарттарды» осы қаржылай қолдау қоры мен ауыл шаруашылық құрылымдары өздері атқаруға тиіс. Бүгінгі таңға шаруашылықтар мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалдары арасында сақтандырылған егіс көлемдері жоқ. Сондықтан, аталған қағидаға сәйкес оператор мен шаруашылық арасында келісім-шарттары болмаса шаруашылық шығынын өтей алмайды, - делінген әкімдіктің жауабында.   

Ал «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы болса, су тапшылығын табиғи құбылысқа балады.

Филиалмен су пайдаланушылар арасында жасалған үлгілік келісім шартқа сәйкес су тапшылығы жағдайы табиғи құбылысқа жатады. Сондықтан, келісім-шартта шығындарды өндіріп беру жолдары көрсетілмеген, - делінген жауапта.

Күріш бағасы тағы да қымбаттайды

Судың жетіспеуі күріштің өзіндік құнына да әсерін тигізбей қоймады. Елімізде күріш бағасы 25,8%-ға өсті. Енді халық су тапшылығының кесірінен енді оның бағасы одан әрі өседі деп алаңдатушылық танытуда. Осы орайда Қызылорда облысы әкімдігіне күріштің бағасына қатысты сауалымызды жолдадық.

Әкімдіктің мәліметінше, қазіргі материалдық ресурстардың және ауыл шаруашылығы техникаларының бағаларының қымбаттауы салдарынан әлеуметтік маңызы бар өнім ретіндегі күріш бағасы да біршама өскен. Оның басты себебі, күріш дақылы суды көп қажет ететін мелиоративтік дақыл болып саналады және күрішті егу мен жинау барысында барлығы 18 түрлі агротехникалық шаралар атқарылады. 

Осы агротехникалық шараларды жүргізу барысында ғылыми негізделген технологиялық картаға сай, өндірістік шығын нормалары бойынша 1 гектар күрішті егу мен жинауға дейінгі кететін шығыны 609 мың теңгені құрап отыр, яғни 1 кг күріш салысының өзіндік құны 122 теңгені құрайды. Оны өңдеу шығындарынан кейін 1 кг ақ күріштің көлемі 380-420 теңгеге жетуде. Сол сияқты, күріш егу мен жинауға қажетті ауыл шаруашылығы техникаларының шет елдерден шығуына байланысты бағалары да соңғы жылдары қымбаттауда.  Атап айтқанда, «Джон-Дир», «Класс» комбайндары бағасының 250-270 мың теңгеге дейін өсуі амортизациялық шығын есебінен күріштің өзіндік құнының артуына себеп болуда. Жоғарыдағы жағдайлар күріш өндірісімен айналысатын шаруашылықтардың қаржылық жағдайларына біршама кері әсерін тигізуде. Сондықтан, биылғы жылы ақ күріштің бағасы біршама қымбаттауы жоққа шығарылмайды, - деп жауап берді Қызылорда облысының баспасөз қызметі.  

Су тапшылығы қалай шешіледі?

Бүгінде Қызылорда облысының күрделі мәселесіне айналып отырған су тапшылығы елде алаңдатушылық тудырып отыр. Оны шешу мақсатында Қызылорда облысы әкімдігі мен «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалынан қандай шаралар атқарылып жатқанын білдік.

Су тапшылығының туындауы Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан су қоймаларында жинақталған су көлеміне тікелей тәуелді.  Сонымен қатар Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының жыл сайынғы өткізілетін мәжілістің қорытынды хаттамасына сәйкес Шардара су қоймасына вегетациялық кезеңде келетін су кепілдендіру қажет.  Су жағдайына байланысты 2021 жылдан бастап ауыспалы егістегі күріш үлесі 67%-дан 50%-ға дейін төмендетілді, - делінген Қызылорда облысы әкімдігі мен «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының берген жауабында.

 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: