Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері алаяқтық жасады деген күдікке іліккен Петропавл тұрғынын Нұр-Сұлтан қаласынан ұстады, деп хабарлайды El.kz СҚО полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
34 жастағы петропавлдық жалдамалы пәтерлерде жасырынып, туыстарымен және таныстарымен қарым-қатынасқа шықпаған. Ер адам туыстарының екі пәтерін жалған сенімхат бойынша сатты деген күдікке ілінген.
СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері оның жүрген жерін қызметтік іссапар кезінде анықтады. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, Нұр-Сұлтан қаласының тергеу изоляторына орналастырылды.
«Қылмыскерлерді іздестіру – криминалдық полиция қызметкерлерінің жұмысындағы басты міндеттердің бірі. Бұл іс-шара учаскелік полиция инспекторларымен, көші-қон қызметі және басқа да бөлініс қызметкерлерімен бірге өткізіледі. Айта кететіні, «Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде Мамлют ауданының полицейлері аудан орталығының 61 жастағы тұрғынын ұстады. Ол Башқұртстан аумағында жасалған алаяқтық үшін мемлекетаралық іздеуге жарияланған», – деді Криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.