АҚШ-тағы Солтүстік-Батыс университетінің (Northwestern University) зерттеушілері ұйықтап жатқан адамның санасына әсер ететін жаңа әдіс ойлап тапты. Бұл тәсіл арқылы адамның ойлау жүйесін белгілі бір тапсырманы шешуге бағыттауға болады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Ғылыми жұмыс барысында сыртқы дыбыстық сигналдар қажетті түстерді тудырып қана қоймай, оянғаннан кейінгі когнитивтік өнімділікті де едәуір арттыратыны анықталған.
Оқи отырыңыз:
Жадты бағыттап, қайта белсендіру механизмі
Зерттеудің негізінде TMR (Targeted Memory Reactivation – жадты мақсатты қайта белсендіру) деп аталатын тұжырымдама жатыр. Терең ұйқы фазасында ми жадты «ретке келтірумен» айналысады: қысқа мерзімді ақпарат ұзақ мерзімді жадқа көшіріледі. Осы сәтте белгілі бір тапсырмамен байланысты дыбыс «таңба» қызметін атқарады. Ми оны қабылдаған кезде гиппокамп тиісті ақпаратты қайта белсендіріп, үлкен ми қыртысы оны сыртқы алаңдатушы факторларсыз қайта өңдей бастайды. Нәтижесінде адам ұйқы кезінде-ақ күрделі мәселені «ой елегінен өткізіп», жаңа шешімге келе алады.
Эксперимент қалай өтті
Тәжірибеге еріктілер қатысты және олардың бір бөлігіне саналы түстер техникасы жайлы мағлұмат берілген. Ұйықтар алдында қатысушыларға күрделі логикалық тапсырмалар беріліп, әрқайсысына арнайы дыбыстық қатар тіркелді. Терең ұйқы фазасына өткен кезде ғалымдар сол әуендерді қайта қосып, миға қажетті ассоциацияларды белсендірген. Зерттеу Neuroscience of Consciousness журналында жарияланды.
Нәтижелер
Нәтижелер шынымен таңғаларлықтай болды: дыбыстық белгіге миы жауап берген еріктілер тапсырмаларды екі есе тиімді шешкен. Психолог Кен Паллердің айтуынша:
Мидың шығармашылық ойлау мен жаңа идеялар тудыру қабілетін тереңірек түсінсек, жаһандық мәселелерді шешуге бір қадам жақындаймыз. Бұл тұрғыда ұйқы инженериясы үлкен мүмкіндік береді.
Деректерге сәйкес, дұрыс бағыт берілсе, ми тынығу күйінде де ақпаратты талдауды жалғастырады екен.
Түстегі инсайт
Зерттеуде қолданылған басқатырғыштардың бірінде қатысушылар сол жақтағы фигураны бес қадам жасап симметриялы оң жақ бейнеге айналдыруы тиіс болған. Ал оның шешімі көп жағдайда адамдардың түсінде пайда болған (Konkoly et al., Neurosci. Conscious., 2026).
Ұйқыдағы шығармашылық серпіліс
Қатысушылардың есептерін талдау түстердің мазмұны шешілмеген тапсырмалармен тікелей байланыста болғанын көрсетті. Ми жай ғана дыбысты қайталап қоймай, оны күрделі сюжетке айналдырып, интеллектуалдық тұйықтан шығудың жолын іздеген. Кейбір жағдайларда бұл процесс адам өз түсін толық сезінбеген күйде де жүрген.
Нейробиолог Карен Конколи:
Бір ерікті түсіндегі кейіпкерден біз жіберген тапсырманы шешуге көмектесуін сұраған. Ол өзін түс көріп жатқанын толық түсінбесе де, ми белсенді жұмыс істеген, – дейді.
Таңертеңгі нәтижелер де соны растады: мақсатты түстерді көргендер арасында тапсырманы сәтті шешу көрсеткіші 20 пайыздан 40 пайызға дейін өскен.
Болашаққа көзқарас
Ғалымдар бұл жаңалық адамдардың ұйқыға деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді деп үміттенеді. Егер түстердің шығармашылық пен психикалық саулық үшін аса маңызды екені ғылыми тұрғыда толық дәлелденсе, күн тәртібін ұйымдастыру мен білім беру тәсілдері де жаңаша қалыптасуы мүмкін. Ал болашақта мұндай технологиялар ғылымда да, өнерде де тың шешім іздейтіндер үшін күнделікті құралға айналуы ғажап емес.
Бұған дейін ұйқы алдында кітап оқудың қандай пайдасы бар дегенге жауап іздеп көрдік. Сонымен қатар сапалы ұйқының алты басты қағидасы жайлы да айттық. Ал түнде жұмыс істеудің кері әсері жайлы мына мақаладан біле аласыз.