Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі жолдауын Қазақстанның Еңбек Ері, кенші-ұңғылаушы Тұрсынбек Мақышев ел дамуы үшін жасалған маңызды құжат деп бағалады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бүгінгі жолдауы - мемлекетіміздің болашағын айқындайтын тарихи құжат. Әрбір жолы елдің ілгері дамуы үшін жасалған нақты қадамдарды айқындап берді, – деді ол.
Өндіріс саласында ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан ардагер кенші жолдауда айтылған бастамалардың өмірдің өз талабынан туғанын айрықша атап өтті.
Өндірісте ең үлкен түйткілдердің бірі – тасымал мен логистика. Жүк жеткізудегі кідіріс, қағазбастылық, қосымша шығын өндіріс қарқынына да, жұмысшының еңбекақысына да әсер етеді. Сол себепті президенттің бірыңғай Смарт-карго цифрлық жүйесін енгізу туралы тапсырмасы – нақты өндіріс адамы күткен шешім, – деді Мақышев.
Кенші-ұңғылаушының пікірінше, жолдауда көтерілген атом энергетикасын дамыту бастамасы ел экономикасына жаңа серпін береді.
Энергия – өнеркәсіптің қаны. Оның жеткілікті әрі тұрақты болуы – жаңа зауыт-фабрикалардың, жұмыс орындарының ашылуы. Сондықтан жолдаудағы атом энергетикасын дамыту бастамасы еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, экономикалық қуатымызды еселейтіні анық, – деді ол.
Мақышев Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құрылуын уақыт талабына сай шешім деп есептейді.
Бүгінде технологиясыз бірде-бір өндірістік процесс жүзеге аспайды. Президент атап өткен Жасанды интеллект пен цифрлық даму министрлігінің құрылуы – жаңа заманға лайық шешім. Бұл сала еңбек қауіпсіздігін күшейтіп, заманауи құралдарды енгізуге, жас мамандардың кәсіби шыңдалуына жол ашады. «Үш жылда Қазақстан цифрлық елге айналады» деген үндеу – бізге, еңбеккерлерге, үлкен сенім жүктейді, – деді ол.
Сонымен бірге еңбек адамы жолдаудың әлеуметтік бағыттарына да назар аударды.
Жолдау тек цифрландыру мен инфрақұрылымға емес, ең алдымен қарапайым халықтың тұрмысына, елдің әлеуметтік тынысына бағытталғанын аңғардым. Инвестиция, жаңа жұмыс орындары, ауыл шаруашылығындағы жерді игеру, жастарға мүмкіндік беру – бәрі де елдің игілігі үшін жасалған қадамдар, – деді Мақышев.
Қазақстанның Еңбек Ері еңбекке деген құрмет – елдің жарқын болашағының кепілі екенін атап өтті.
Қазақ «Еңбегі бардың өнбегі бар» дейді. Еңбек адамының маңдай терін құрметтеген елдің болашағы жарқын. Біздің ендігі міндетіміз – ортақ мақсатқа жұмылып, президент жүктеген тапсырмаларды жүзеге асыруға үлес қосу, – деді ол.
Сөзінің соңында Тұрсынбек Мақышев жолдаудың әрбір еңбек адамына сенім мен жігер сыйлағанын жеткізді.
Менің жүрегімде әрқашан еңбек рухы, елге адал қызмет ету мұраты бар. Бүгінгі жолдау – сол рухты жаңғыртып, болашаққа сенім ұялатты. Енді бізге тек бірлік пен табандылық керек, – деді ол.