22.03.2026
11:30
1738

Тұрмыстағы әйелдер арасындағы «Mrs. Kazakhstan-2026» байқауының жеңімпазы анықталды

Ақтау қаласының тұрғыны, 32 жастағы Камиля Кобесова «Mrs. Kazakhstan-2026» сұлулық және талант байқауында бас жүлдені иеленді. Енді ол Қазақстан атынан Лас-Вегаста өтетін халықаралық додада ел намысын қорғайды, деп хабарлайды El.kz.

Байқаудың финалы 20 наурыз күні Республика сарайы ғимаратында өтті. Шешуші кезеңге еліміздің әр өңірінен келген 36 әйел қатысты.

«Mrs. World Kazakhstan» титулының иегері Камиля Кобесова – көпбалалы ана. Ол бір ұл мен екі қыз тәрбиелеп отыр.

Сонымен қатар, Ақтаудағы стоматологиялық клиниканың негізін қалаушы.

Бос уақытында ән айтып, би билеумен айналысады. Өз жетістіктері ретінде мамандығында кәсіби деңгейге жеткенін, сүйікті жар және қамқор ана екенін атап өтеді.

Жеңімпаздың айтуынша, сұлулық – тек сыртқы келбет емес, ең алдымен адамның ішкі жан дүниесіндегі үйлесім. Ол күнделікті өмірдегі қарапайым, бірақ маңызды істерден – жылы сөзден, шынайы ниеттен көрініс табады.

Камиля Кобесова үшін 30 жастан асқан әйелдерге арналған мұндай байқауға қатысу – жастық шағында жүзеге аспаған арманына қадам жасау мүмкіндігі болған.

Жеңімпаздың өмірлік ұстанымы: «Қандай жағдай болмасын әр адамды құрметте. Өзгенің ісіне араласпа және саған сенім артқан жанды сатпа».

Айта кетейік, «Mrs. Kazakhstan» байқауы – тұрмыстағы әйелдерге арналған жоба. Ол қатысушылардың тек сыртқы келбетін ғана емес, табыстылығын, талантын және ішкі күшін көрсетуге бағытталған.

Байқауға көпбалалы аналар, кәсіпкер әйелдер және жаңа қырынан танылудан қорықпайтын жандар қатысады.

Финалдық кеште Камиля Кобесованы 11-нөмірмен өнер көрсеткен сәтінде оның отбасы – жұбайы мен балалары қолдау білдірді. Олар арнайы Ақтаудан Алматыға ұшып келген.