Түрмеде өзгерген тағдыр: Норио Нагаяма

23 Ақпан 2018, 10:21 11821

Қаныпезер қылмыскер, өлім жазасына кесілген жасөспірім, аты мәшһүр жазушы

Бейкүнә 4 адамның қанын мойнына жүктеген қылмыскер, өлім жазасына кесілген жасөспірім, аты мәшһүр жазушы, сірә, осының бәрі бір адамға телитін сипатқа мүлдем керағар көрінетіндей. Алайда...

Қылмыскер

1968 жылы қазаннан басталған жарты жыл ішінде Жапонияның Токио, Киото, Хакодате, Нагоя қалаларында бейкүнә 4 адамды ажал құштырған қастандық оқиғасы орын алды. Қылмыскер 22-калибрлі тапанша пайдаланғандықтан әрі мұндай қару Жапонияда сирек кездесетіндіктен полиция қызметкерлері бастапқыда қылмыскер шетелдік болуы мүмкін деген жорамал жасады. Бұл жұмбақтың сыры 1969 жылдың сәуірінде мәлім болды.  Қылмыскер полиция қызметкерін көзге алғанымен, бұл жолы атқан оғы дарымай, сақшы аман қалды. Соңына түсіп, із кесу нәтижесінде қылмыскер қолға түсті. Жан қалауын кісі өлімінен іздеген бұл бейбақ – ешқандай да шетелдік емес, ұлты жапон Нагаяма Норио еді. Тергеу барысында ол осығанға дейінгі кісі өлімдерін түгелдей мойнына алды. Күллі күншығыс елін дүрліктірген бұл оқиға осылай басу тапты.

Өлімді аңсаған балалық шақ

Нагаяма Норио 1949 жылы Хоккайдо аралының Абасири қаласында дүниеге келген. 8 ағайындының ішіндегі жетіншісі еді. Әкесі құмар ойындарына әуес әрі араққа салынғандықтан үйінің қарасын жиі көрмейтін. Сөйтіп жүріп көшеде қайтыс болды. «Қайыршыға жел қарсы» дегендей ағасы мен әпкесі де шыққан тектерінің төмендігінен өз бақыттарына қол жеткізе алмады. Күйзеліс пен торығу меңдеткен әпкесі жүйке ауруына шалдықты. Жұт жеті ағайынды еді. Нагаяма Норионың отбасына түскен ауыртпалық мұнымен түгесіле қоймады. Күнелтуі қиынға түскен шеше 4 баланы алып, төркініне кетті де, қалған 4 бала тірі жетім болып жұртта қала берді.   

Науқас әпке, Нагаяма және екі бауыры қоқыс ақтарып, өзек жалғап жүрді. Аш қарынды тойдыру оларды сабақтан да қалдыратын. Сондықтан орта мектеп оқитын жасқа жетсе де Нагаяма мүлдем қара танымаған еді. Ата-ана мейірімін көрмей өсіп, шиеттейінен тасбауыр қоғамның өгейлігін сезінген оның жүрегі шер-шеменге толды. Сондықтан мектептегі мұғалімнің «болашақта қандай жұмыс істегің келеді?» деген сұрағына, «өлгім келеді» деп жауап беріпті. Оның осы жауабы балалық шағының бар болмысын паш етіп тұрғандай.

Десе де, Нагаяма Норио үкіметтің әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау бағдарламасы аясында жұмысқа орналасқан-ды. Бірақ тайыз білім мен дұрыс тәрбиенің кемдігінен ұдайы кемсітуге ұшырайтын. Оның үстіне ұзақ уақыт жүйке ауруына шалдыққан әпкесімен бірге өмір сүруі мінез жағынан оны да томаға-тұйық ете түскен. Бақытсыз тағдырын, қорлыққа толы өмірін, өзінің не үшін осындай ауыр азаптар арқалайтынын ойлап торыққанда «өлім» ғана оған жұбаныш болардай сезілетін. Бірақ қанша оқталса да өмірдің қат-қабат талқысынан шыңдалған сірі жаны тәтті екенін сездіретін; өлім туралы ойына бөгет бола алмағанымен, қолын тежей беретін...

22 калибрлі тапанша

 Өзін-өзі өлімге қимаса, мұны біреу өлтіруі керек. Бірақ кім мұны істей қойсын?! Оның ойлап-тапқаны: АҚШ әскери базасына кіріп, қарша бораған пулемет оқтарының астында тіл тартпай кету еді. Сол ойын іске асырмаққа казармаға кіргенімен, сезген-білген пенде болмады. Керісінше, 22 калибрлі тапанша тауып алды. Өзін-өзі өлтіруге жүрегі дауаламаса, өлім құшуға барған жерінен қару олжалап шықса, бәлкім бұл тағдыр шығар?! Осы сәттен бастап жасөспірімге «кек алу керек» деген ой маза бермеді. Кімнен кек алады? Қоғамнан. Өзін осынау бақытсыздыққа ұшыратқан жатжүрек, мейірімсіз қоғамнан. Осыдан барып жоғарыда аталған аты шулы қылмыс орын алады.

Нагаяманың жазу дәптері

«Надандықтың көз жасы»  

Қолымен қан жүктеген кезде Норио Нагаяма 19 жаста еді. Жапонияның заңына сай кәмелеттік жас 20-дан бастап есептелінетін болса да, қылмысының аса ауырлығы себепті ол өлім жазасына кесілді. Үкімін естіген Нагаяма Норио кісі өлтіруге итермелеген тікелей себепті атап бере алмады. Онымен сұхбаттасқан психолог жүргізген зерттеуі нәтижесінде Нагаяма Норионың қылмысты жүйке жүйесі сау емес кезінде жасағанын, ал бұл ауытқушылықты ұзақ уақыт бойы психикалық күйзеліс тудырғанын растады. Сондықтан өлім жазасын өмір бойы қамау жазасымен ауыстыруды ұсынды. Ұдайы ел назарынан тысқары, мейірім мен сүйіспеншіліктен қағаберіс ғұмыр кешкен Нагаяма Норио психологтың көмегі мен бағыттауының арқасында үлкен қателік жасағанын түсінгендей еді. Өткен кешуінде өмір сүрудің мәні мен маңызын ұғына алмағанына опық жеді. Сөйтіп, жаза атқарылғанға дейінгі уақытта түрмеде білім алып, кітап оқуға бел буды; өкінішін, ел алдындағы қателігін хатпен өсиеттемекке ниет етті. Риясыз пейіл, шынайы  өкінішпен алған қалам нәтижесінде 1971 жылы «Надандықтың көз жасы» атты тұңғыш кітабы жарық көрді. Кітапта жоқшылық пен таршылық, күйзеліс мәбүрлеп жасаған қылмыстары, қайшылықты, тұрлаусыз көңіл-күйі суреттелетін еді. Осы арқылы жасаған қылмыстары үшін  өкінішін білдіріп, жалпақ жұрттан кешірім өтінеді. Бұл кітап жапон қоғамында айтарлықтай аңыс қозғайды. Жұрт елден тысқары өмір кешкен жастың жүрек сырын енді ұққандай, қорғансыз жасқа қорғаныш керек екенін түйсінгендей болды. Көзқарас ауаны оны қылмыскер ретінде емес, сүйенішсіз жас ретінде қарауға ауысты. Қылмыстың туындауын тек бір адаммен байланыстырмай, безбүйрек қоғаммен қоса қарауға шақырды. Мұнан кейін оқырмандар одан тағы да шығармалар күтті. Іле-шала сол жылы оның екінші кітабы «Халықты ұмытқан қанар бұлбұлдары» жарық көрді. Оның туындылары көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, оқырман саны еселеп  артты. Сонымен бірге әдеби ортаның да оң бағасына іліге бастады. Нагаяма осы кітаптарынан алған қаламақыларын өзі өліміне себепші болған марқұмдардың отбасына жіберіп, аз да болса ар алдындағы қарызын өтеуге тырысты.

Бостандықта болмаған бақыт түрмеде табылды

Нагаяманың өміріне қарасаңыз тұтас кереғарлықтан құралғандай. Бостандықта армандамаған бақыт та, атақ-даңқ та, табыс та оны түрмеде тапты. Қамауда ол  өзінің сүйіктісімен танысты. Нагаяманың кітаптарын оқып, терең тебіренген Нацуко Киношита АҚШ-тан арнайы хат жолдап, оқырмандық тілегін жолдайды. Екеуара хат алысу, сырласу бара-бара сезімдердің тоғысуына ұласты. Дүниенің екі қиырында болғандарына қарамастан  1980 жылы екеуі түрмеде некелерін қиды. 1981 жылы тамызда  Токио соты 1979 жылы шілдедегі өлім жазасына кескен үкімінің күшін жойып, оны мерзімсіз қамау жазасымен ауыстырды. Алайда екі жылдан кейін, яғни 1983 жылы  жоғары сот бұл үкімді де терістеп, өлім жазасын қайта бекітті. 

Нагаяманың опығы мен өкінішін алға тартып, қорғаушысы жоғары соттан өлім жазасын мерзімсіз қамау жазасымен ауыстыруды сұрайды. Бірақ арызы қанағаттандырылмады. 1987 жылы Токио жоғары соты өлім жазасын тағайындады. 1990 жылы Нагаяма жалғасты арызданудан бас тартқандықтан 17 сәуірде жаза бекітіліп, үкім 7 жылдан кейін  орындалатын болды. Нагаяма сотының мұншалық ұзаққа созылуының себебі Жапония тарихында кәмелеттік жасқа толмағандарды өлім жазасына кесу фактісі тіркелмеген еді. Сол себепті жергілікті соттан жоғары сотқа дейінгі аралықта сот процесі 20 жылға созылды.

Осы кезеңдер арасында Нагаяма жазуын тоқтатқан емес. 1984 жылы  әңгімелер жинағы – «Ағаш көпір» жарық көрді. Бұл шығармасы  арқылы ол жапон әдебиетінің беделді сыйлығына ие болды. Ал жапон жазушылар одағы оның атақ-даңқын елемеуге тырысты. Дегенмен Норио Нагаяма халықаралық әдеби орталарда талқыланған, танылған тұлғаға айналып келе жатты. Оны әдеби қауымдастықтар өзіне мүшелікке шақыра бастады. Бірақ оның да айналасы дау-дамайға толы еді. Өйткені осы қауымдастыққа мүше болуына қарсы өкілдер де болмай қалған жоқ. Олар оның қылмыс тарихын алға тартып, мұндай адамдарды мүше ретінде қабылдауға болмайтынын айтып, қарсылық танытты. Тіпті бұл талас соңы пікір арнасын жақтаушылар мен қарсыларға бөліп,  пікірталас телеарналарда да жалғасып жатты. Дегенмен, қалай айтқанда да, осы уақыттан бастап Нагаяманың жазушылық орны анықтала бастады.   

Үкім

Нагаяманың өлім жазасына кесілуіне себепкер болған 14 жасар Сэйто Сакакибараның жан түршіктірер қылмысы дейді. 1997 жылы маусымның 24 күні бұл жасөспірім дәл Нагаяманікіне ұқсас қылмыс жасап ұсталады. Сакакибара да өз қылмыстарын күнделігіне жазып жүрген. Алғашқы қылмысы туралы былай деп жазды: «Бүгін мен адам затының нәзіктігін растау үшін қасиетті эксперимент жасадым... Әлгі қыз маған жалт бұрылғанда мен бетін балғамен бір соқтым. Мүмкін мен бірнеше соққы жасаған болармын. Есімде жоқ. Қатты толқығандықтан есімде қалмапты..». Культқа айналып келе жатқан жазушы қатігездік пен қылмысты үдетеді деген ой болса керек, ақыры үкім 1997 жылы 1 тамызда орындалды. Нагаяманың  күлін әйелі Нацуко Киношита жұбайының туып өскен жері Абасири бойындағы Охот теңізіне шашты. Қаламгер көз жұмғанда 48 жаста еді.  

Нагаяма түрмеде біраз шығармалар жазды. Бұл шығармалары оған қомақты қаражат әкелді. Өлер алдында қорғаушысы, баспа және балалар қайырымдылық қоры қатарлы тараптарды ұйыстыра отырып, «Нагаяма балалар қайырымдылық қорын» құрды. Мақсаты өзі сияқты кедейліктің тақсіретін тартып, жоқшылықтың зардабын көріп жүрген балаларға көмектесу еді. Олардың оқуын ойдағыдай аяқтауына, надандық кесірінен орны толмас өкініш арқалап қалмауына ықпал ету болды. Сондықтан ол өз өсиетінде «жоқшылық салдарынан қылмыс болмаса екен» деп тілек білдірді.    

Нагаяма өлім жазасынан өзін ақтай алмаса да, оның ісі Жапония заңына айтарлықтай ықпал еткен оқиға болды. Заң шеңберінде 9 тармақтан тұратын «Нагаяма өлшемі» деген тіркес қалыптасты. Сонымен бірге жасаған қылмысы арқылы өлім құшса да, түрмедегі сана серпілісі арқылы өзін де өзгертіп үлгерген-ді... 

Ұшқын Сәйдірахман
Бөлісу: