Белгілі әнші Индира Елемес әлеуметтік желіде президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, депутаттарға және қоғам өкілдеріне арнап бейнеүндеу жасады. Ол өз парақшасында жариялаған видеода балаларымен бірге тұрып жатқан пәтерінен айырылып қалу қаупі барын айтып, әділдік сұрады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Индира Елеместің айтуынша, ол 2018 жылдан бері Алматыдағы «Эль-де-Франско» тұрғын үй кешенінде балаларымен бірге тұрып келген. Алайда жуырда әнші күтпеген жайтқа тап болған. Оның сөзінше, құрылыс компаниясының өкілдері пәтерді өз атына қайта рәсімдеп, небәрі 25 миллион теңгеге сатып жіберген.
Ал шын мәнінде бұл пәтердің нарықтағы бағасы шамамен 125 миллион теңге тұрады. Ең сорақысы, мәміле менің бұрынғы күйеуімнің атынан жасалған. Ол қазір тергеу изоляторында отыр. Қалайша түрмеде отырған адам келісімшартқа қол қойып, мені үйден шығарып тастауға қатыса алады? – деп ашынды әнші.
Сонымен қатар Елемес бұрынғы жұбайы Иманмәди Қалелханның қамауда отырып-ақ әлеуметтік желілерге кіріп, өзін қаралап, туыстарына қоқан-лоқы көрсетіп жүргенін айтты.
Әншінің сөзінше, ол бұл жағдай бойынша бірнеше рет полицияға шағымданған, алайда құқық қорғау органдары істі қозғамай, «жабулы қазан» күйінде қалдырған.
Мен әділдік іздеп полицияға бардым, бірақ олар істі жауып тастады. Қазір мен өз үйімнен балаларыммен бірге қуылғалы отырмын. Президент мырза, менің және балаларымның құқығын қорғауыңызды сұраймын, – деді Индира Елемес бейнеүндеуінде.
Қазір бұл жағдай әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып жатыр. Көпшілік әншіге қолдау білдіріп, тиісті органдарды істі әділ қарауға шақыруда.