23.09.2025
10:30
768
Түркияның оңтүстік-шығысындағы ең ескі Газиантеп қаласына барғанда нені ескеру керек

Түркияның оңтүстік-шығысындағы ең ескі Газиантеп қаласына барғанда нені ескеру керек

Түркия – бай тарихи мұрасы, әсем табиғаты, ежелгі қалалары мен заманауи мегаполистері арқылы туристер үшін ерекше тартымды ел. Елдің әрбір бұрышы өзіне тән мәдениетімен, дәстүрімен және әсем көрінісімен көз тартады. Осы көрікті жерлердің ішінде Түркияның оңтүстік-шығысындағы Газиантеп қаласы айрықша орын алады. Бұл шаһар ғасырлар бойы әртүрлі өркениеттердің куәсі болып, мәдениет пен тарихтың тоғысқан нүктесіне айналған. El.kz интернет порталының тілшісі Газиантепке арнайы сапарлап, қала мәдениетімен, тарихи орындарымен танысып қайтты.

Географиялық орны мен тарихи мұрасы

Газиантеп – ежелгі замандарда Антисхия деп аталған. Кейін грек және рим дәуірінде қала Антиохия Таврская деген атауға ие болды. VII ғасырда арабтар Византиядан тартып алған соң, «қайнар көзі мол, берекелі мекен» деген мағына беретін Айнтаб атауын қолдана бастады. Уақыт өте келе бұл сөз жеңілдетіліп, Антеп деп айтылды.

Ал «Газиантеп» атауы XX ғасырдың 20-жылдарында ғана пайда болды. Мұндағы «Гази» – «қаһарман» деген мағынаны білдіреді. Бұл қосымша Бірінші дүниежүзілік соғыстағы қаланың ерлігін, стратегиялық маңызын еске түсіру мақсатында берілген. Дегенмен жергілікті халық күнделікті тілде әлі күнге дейін қысқаша «Антеп» деп атай береді.

Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева

Тарихшылардың пайымынша, қазіргі Газиантеп тұрған жерде алғашқы қоныстар шамамен 5,5 мың жыл бұрын пайда болған. Бұл жерді әр дәуірде хеттер, ассирийліктер, византиялықтар, кейін османдар мекендеген.

Орта ғасырларда Газиантеп Жібек жолының маңызды бөлігі болды. Мұнда керуендер тоқтап, дәмдеуіштер мен жібек маталар саудаланды, кілем тоқылды. Қалада керуен-сарайлар, мешіттер, мектептер мен хамамдар салынып, олардың бірқатары бүгінгі күнге дейін сақталған.

Қазіргі кезде ортағасырлық кілем тоқу орталығы ірі өнеркәсіптік аймаққа айналды. Дәстүрлі кілем өндірісі фабрикалық деңгейде дамыса, ауыл шаруашылығында әйгілі антеп бұрышы мен әлемге танымал фисташка өсіріледі.

Әлемге әйгілі гастрономиялық қала

Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі қолға алған «Түркия Мәдениет Жолы» фестивальдері 2021 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жыл сайын көлемін кеңейтіп отырған бұл жоба бүгінде әлемдегі ең ауқымды мәдени шаралардың біріне айналды. Фестиваль 8 ай бойы Түркияның 20 қаласында ұйымдастырылып, миллиондаған адамды өнер мен мәдениетке жақындатады.

Аталмыш фестиваль Газиантеп қаласында 13-21 қыркүйек күні өтті.

Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева

Бұл қала – тек тарихымен ғана емес, дәмімен де әлемге танылған мекен. Газиантеп Түркияның ең ірі кулинарлық орталықтарының бірі және дүниежүзіндегі маңызды гастрономиялық қалалардың қатарына кіреді. 2015 жылы ЮНЕСКО-ның «Гастрономия саласындағы шығармашылық қалалар желісіне» енген.

Газиантеп асханасы мыңжылдық тарихқа ие, хеттер, римдіктер, селжұқтар мен османдар өркениетінің ізін сақтап қалған. Мұнда ерекше тағамдарда жиі қолданылатын негізгі өнімдер – түрлі дәмдеуіштер, анардың шәрбаты, зәйтүн майы, булгур (арнайы өңделген бидай), ноқат және әрине, әлемге танымал Антеп пістесі.  

Қалаға келген қонақтар міндетті түрде баклаваны татып көреді. Бұл тәтті Газиантептің географиялық белгісі ретінде тіркелген және бүкіл әлемге танымал.

Қаланың мәдени және туристік нысандары

Зеугма мозаика мұражайы – Газиантептен шығысқа қарай 50 шақырым жерде Евфрат өзенінің бойында орналасқан көне Зеугма қаласы тарихтың терең қатпарында жатқан нағыз қазына іспетті. Б.з.д. III ғасырда Селевк I Никатор негізін қалаған бұл шаһар бір кездері Ұлы Жібек жолының бойындағы ең маңызды сауда орталықтарының бірі болды. Географиялық тұрғыдан аса қолайлы орында орналасқан қала гректер мен римдіктер дәуірінде гүлденіп, Рим империясының әскери базасына да айналды.

Ажар Лаубаева

Алайда соғыстар, жер сілкіністері мен Сасанидтердің шабуылы қаланың тағдырын ауыртты. Кейін ғасырлар бойы қираған күйі жер астында қалған Зеугма ХХ ғасырдың соңында ғана қайта ашылды. 2000 жылы Евфратта салынған Биреджик бөгеті салдарынан қаланың көп бөлігі су астында қалса да, археологтар аса құнды жәдігерлерді сақтап үлгерді.

Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева

Зеугмадан табылған мозаикалардың ішіндегі ең танымалы –  «Сыған қызы». Бұл туындыны көрген әрбір адам әйел бейнесінің құпия көзқарасына таңғалады. Қара көздері тереңге үңілгендей, қай бұрыштан қарасаңыз да, тура сізге қарап тұрғандай әсер қалдырады. Осы қасиеті оған тылсым күш беріп, «Сыған қызы» деген атпен әлемге танылуына себеп болды.

Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева

Кейбір зерттеушілер оны «Менада» немесе «Гея» деп атаса да, халық арасында «Сыған қызы» атауы берік орнығып қалды. Өйткені оның жүзіне қараған жан өзін беймәлім тарихтың ішінде жүргендей сезінеді. Бүгінде бұл мозаика Газиантептің ғана емес, тұтас Түркия мәдениетінің символына айналған.

2011 жылы ашылған Зеугма мозаика мұражайы бүгінде әлемдегі ең үлкен римдік мозаика музейі саналады. Мұнда Зеугма қаласынан құтқарылған ондаған мозаика сақтаулы. Дионистің үйлену тойы, Ахиллес пен Одиссейдің Троя жорығы, мифологиялық кейіпкерлер мен көне өркениеттің тұрмысы бейнеленген көркем туындылар әрбір келушіні таң қалдырады.

Зеугма мозаика мұражайы тек көне өнердің ғана емес, адамзат өркениетінің айшықты куәсі. Бұл музейге табан тіреген әрбір адам Евфраттың жағасында мыңдаған жылдар бойы жалғасқан тарихтың рухын сезіне алады.

Газиантеп қаласының тарихында ерекше орын алатын тәуелсіздік жолындағы күрес бүгінгі ұрпаққа да өнеге болып отыр. Осы батырлық кезеңді айшықтап көрсететін басты мәдени орындардың бірі – «Панорама 25 желтоқсан» мұражайы.

Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева

Бұл музей Түркия халқының тәуелсіздік үшін жүргізген күресінің ең бір жарқын беттерін баяндайды. Атап айтқанда, Газиантептің 36 айға созылған эпикалық қорғанысы туралы деректер мен жәдігерлер осы жерде жинақталған. Мұражайдың ресми ашылу салтанаты 2020 жылдың 21 желтоқсанында, қаланың азат етілгеніне 100 жыл толуына орай өтті. Ашылу рәсіміне Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған арнайы қатысқан еді.

Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева

Экспозиция залында орыс суретшісі Александр Самсоновтың көлемі 120 метрге созылып, биіктігі 13 метрді құрайтын панорамалық туындысы ерекше көзге түседі. Бұл картина сол кезеңнің тарихи оқиғаларын жан-жақты сипаттап, келушілерге сол дәуірдің рухын сезіндіреді. Сонымен қатар мұражайда шайқасқа қатысқан жауынгерлердің жеке заттары, қаланы қорғау кезінде пайдаланылған қару-жарақ үлгілері, тарихи ғимараттардың фрагменттері де қойылған. Ашылған сәттен бастап қысқа мерзім ішінде музей миллионнан астам турист қабылдады.

Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева

Мұражайдың басты мақсаты – Газиантеп тұрғындарының ерлікке толы тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізу, батырлық пен тәуелсіздіктің құндылығын насихаттау. Осы тұрғыдан алғанда, «Панорама 25 желтоқсан» – тек тарихи естелік орны ғана емес, сондай-ақ рухани тәрбие беретін мәдени орталық саналады.

2016 жылы Газиантеп ЮНЕСКО-ның «Шығармашылық қалалар желісіне» еніп, «Гастрономия қаласы» атағын иеленді. Бұл мәртебе бекер берілген жоқ. Қала жүздеген түрлі рагуы, сан алуан кебабы, атақты пахлавалары және есте сақталатын ерекше дәмдері арқылы бүкіл әлемге танылды. Тіпті әлемде атауы қаланың атымен аталған жалғыз асханалық мәдениет те – Антеп асханасы.

Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева

Осы мол мәдени мұраның тарихын қонақтарға Эмине Гёгюш кулинарлық мұражайы таныстырады. Бұл – қалаға келген әрбір турист қызығушылықпен соғатын ерекше орын. Мұражай Газиантеп қамалының оңтүстігінде орналасқан, 1904 жылы салынған Гёгюш сарайында жұмыс істейді. Бұл үй – Түркияның алғашқы туризм және насихат министрлерінің бірі Али Ихсан Гёгюштың туған шаңырағы. Кейіннен Газиантеп муниципалитеті тарапынан қалпына келтіріліп, 2008 жылы мұражай ретінде есігін айқара ашқан. Ол – Түркияда құрылған ең алғашқы кулинарлық мұражай мәртебесіне ие.

Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева

Мұражайдың басты мақсаты – Газиантептің бай кулинарлық мәдениетін көрсету. Мұнда жергілікті ас үйде қолданылған көне ыдыс-аяқтар мен құрал-саймандар қойылған. Сонымен қатар ұмытылып бара жатқан ұлттық тағамдардың дайындалу үлгілері де таныстырылады. Экспозицияда ингредиенттерден бастап ас әзірлеу әдістеріне дейін, жергілікті тағамдар мен сусындардан бастап дастарқан басындағы дәстүрлерге дейін кең көлемде баяндалады.

Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева

Манекендердің көмегімен келушілерге Антептің атақты ювалама тағамының әзірлену процесі, мерекелік ас мәзірлері, қыстың ұзақ кештерінде тандыр маңында жиналу дәстүрі, сондай-ақ түрік кофесін дайындау мәдениеті көрсетіледі.

Мұражай ішінде қалаға тән дәмдеуіштер мен қолөнер бұйымдары сатылатын шағын кәдесый дүкені де бар. Әсіресе қолмен жасалған мыс заттар мен ерекше иісті дәмдеуіштер туристердің ерекше қызығушылығын тудырады.

Газиантеп қаласының Шахинбей ауданы, Қарагөз махалласында орналасқан ерекше мұражай – Хаммам-музей. Ол XVI ғасырдың екінші жартысында Лала Мұстафа паша салдырған кешеннің хаммам бөлігінде жұмыс істеп тұр. Музей Газиантептің Ұлы муниципалитеті тарапынан ашылып, хаммам мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді. Экспозицияда негізінен Халук Перктің жеке жинағынан алынған, сондай-ақ әртүрлі дереккөздерден табылған көптеген көне жуыну құралдары қойылған.

Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева

Ғимарат осман дәуіріндегі классикалық хаммам сәулетінің айқын үлгісі саналады. Қаладағы көптеген хаммамдар секілді, ол да жер деңгейінен төмен салынған. Аркалы есіктен төмен түсіп кіргенде, келушілер бес бөліктен тұратын құрылымға тап болады: суық бөлме, жылы бөлме, ыстық бөлме, су қоймасы және от жағатын орын.

Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева

Суық бөлме – яғни шешінетін әрі демалатын зал күмбезбен жабылған. Шаршы пішінді бұл бөлмеде арнайы отыратын орындар бар. Осы жерден тар дәліз арқылы жылы бөлмеге өтеді.

Жылы бөлме де шаршы формада, екі қуысы бар. Ол суық және ыстық аймақтың ортасында орналасып, дененің температураға біртіндеп бейімделуіне арналған.

Ыстық бөлме немесе ішкі хаммам – шомылудың басты бөлігі. Оның ортасында сегіз қырлы үлкен тас – гебек ташы орналасқан. Осы орталық тастың айналасында жеке жуынуға арналған қуыстар мен кабиналар бар. Ыстық бөлмедегі ең маңызды нысандардың бірі – гүллейтин бассейні. Белге дейін су толтырылған бұл бассейнді қаладағы еврей тұрғындары діни жоралғыларға байланысты арнайы жуыну үшін пайдаланған.

От жағатын орын ыстық бөлмемен жалғасады. Мұнда хаммамды жылыту үшін от жағылған. Бұл жер халық арасында «тозақ» деп аталған. Отты тұтатуға жауапты адамды күлханбей деп атаған. Оттықтың жанында суық және ыстық суға арналған үлкен резервуарлар орналасқан.

Тарихи ескерткіштерімен және табиғи көріністерімен танымал Газиантеп аймағындағы Румкале – Евфрат өзенінің інжу-маржаны саналады. Бұл мекен ежелден бері Урарту, Вавилон, Шумер, Селжұқ және Осман секілді көптеген өркениеттерге қоныс болған. Үш жағынан изумруд түстес көлдермен қоршалған, биік жартастардың үстіне орналасқан Румкале бүгінде жергілікті және шетелдік туристердің назарын аударатын ерекше тарихи-мәдени орын.

Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева
Ажар Лаубаева 

Аңыз бойынша, христиандар үшін қасиетті саналатын бұл жерде рим дәуірінде Иса пайғамбардың шәкірттерінің бірі қоныстанып, тастан ойылған бөлмеде Інжілді көшірген. Осы ерекшелігі үшін Румкале діни әрі тарихи орталық ретінде де бағаланады.

Туризмі дамып келе жатқан қала

Бүгінде Газиантеп тек Түркия халқының ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшылардың да қызығушылығын оятып отыр. Қалаға қадам басқан әрбір қонақ ежелгі тарих пен заманауи дамудың үйлесімін сезінеді. Мәдениет пен тарих осында тоғысып, ғасырлар бойғы дәстүрлер мен бүгінгі өркениет бір арнаға тоғысқандай әсер қалдырады. Түркияға сапар шегуді жоспарласаңыз, бұл шаһарға арнайы уақыт бөліп, оның бай мұрасымен, қонақжайлығымен және ерекше атмосферасымен танысуды әсте ұмытпағаныңыз жөн.