"Түркияның кебін киеміз". Құрылыс саласы жемқорлыққа белшеден батқан

31 Мамыр 2023, 16:55 774

Құрылыс жобалары мен обьектілеріне бақылауды күшейту қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек вице-премьер Роман Склярға сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өкінішке қарай, құрылыс саласына шағын және орта бизнес ретінде қолдау көрсетіп, әкімшілік рұқсат беру рәсімдерін оңайлатамыз деп құрылысты жобалау саласына бақылау жүргізуді ұмытып кеттік. Әрине, құрылысты жобалау саласы маңызды сала және Президенттің тапсырмасын орындау керек. Бірақ та бақылау тетігін жіберіп койсақ, Түркиядағы сапасыз құрылыстың кебін киеміз!, - деді депутат Бақытжан Базарбек.

Мәжілісмен қазіргі таңда құрылысты бақылау саласында жүздеген өзекті мәселелер орын алып отырғанын айтады. Өкініштісі бұл мәселелер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тарапынан шешіліп жатқан жоқ.

Негізгі мәселе –  құрылыс жобалары мен оған жасалған сараптаманың сапасыздығы, өткізілетін қоғамдық тыңдаулардың және құрылыс жобалары аясындағы келісімдердің үстірт жасалуы және ең бастысы әкімдіктердегі "құрылыс лоббиі" өзекті болып отыр. Құрылыс жобаларын әзірлейтін компаниялар сол құрылысты көтеріп жатқан құрылыс компаниясының заңды үлестес тұлғасы болып шығады, - дейді ол.

Депутат құрылыс жобаларын әзірлейтін жобалау ұйымдарының иелері келісім жасайтын уәкілетті органның не құрылысты бақылайтын ГАСК-тің лауазымды тұлғасы және жақын туған-туыстары болып шығатынын айтып, өкінішін білдірді.

Басқаша айтқанда, құрылысты жобалау саласында сыбайластық жемқорлықтың терең тамыр алып кеткені шындық, оны мойындауымыз керек. Бұл жағдайды тез арада тоқтатуымыз керек! Жобалау ұйымдары мемлекеттік ұйымдарымен, оның лауазымды тұлғаларымен, сол сияқты құрылыс компанияларымен үлестес болған жағдайда, жобаға сараптаманың берілген оң қорытындысы мен мемлекеттік органдардың берген келісулерін жарамсыз деп танудың заңды мүмкіндігін күшейту қажет.

Одан бөлек, құрылыс жобаларына қоса тіркелетін қоршаған ортаға кері ықпалды дайындау және қоғамдық тыңдауларды ұйымдастыру барысында құрылыс компаниялары әкімдікпен сыбайластықтың нәтижесінде ОВОС жобалары үстірт әзірленеді, тыңдаулар формальды өтеді, тыңдауларға халық формальды шақырылады. Екі ортада, халықтың келісімінсіз, ОВОС жобасынсыз заң бойынша жол берілмейтін жерлерде ірі құрылысқа рұқсат беріліп кетеді.

Алдағы уақытта, құрылыс жобаларына сапасы мен заңға сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық тыңдаулардың орнына қоғамдық сараптама енгізуді ұсынып отырмын. Қоғамдық сараптаманың оң қорытындысыз құрылыс жобасына сараптаманың оң қорытындысы мен құрылыс жүргізуге рұқсат берілмеуі қажет. Осындай қатаң шараға баруға тура келіп отыр, - деп толықтырды Бақытжан Базарбек.

Сонымен қатар, ОВОС жобаларын әзірлеу шарттарын күшейту қажет. Құрылыс жобаларына жасалатын сараптамаға да көптеген сұрақтар туындайды. Қазір жеке сараптаманы жүргізетін мекемелерді мемлекеттік сараптамаға қосу туралы мәселе қоғамда көтеріліп жатыр, бұған тосқауыл қою қажет. Бұл сараптама субьектілері арасына бәсекелестікті жоққа шығарып, мемлекеттік сараптама монополиясын қалыптастырады. Ал бұл жемқорлықты күшейтетіні анық.

Мемлекеттік және жеке сараптама ұйымдарының қызметін қадағалауды едәуір күшейту қажет. Іс жүзінде Сарапшылар ұйымының палатасына мүше болмайтын жеке сараптама ұйымдары құрылыс жобаларына оң қорытынды беріп жүргені анықталып отыр. Сондықтан да жобалау құжаттамасына сараптаманы тек Сарапшылар ұйымдарының палатасына мүше ұйым ғана беруі тиіс және тиісті заңнамалық шектеулерді тез арада  заңнамаға енгізу керек.

Одан бөлек, мемлекеттік және жеке сараптаманың қорытындылары заң нормаларын бұзу жолымен құрылыс компаниясының пайдасына қасақана шығарылған жағдайда сараптама қорытындысын сот арқылы заңсыз деп тану мүмкіндігін күшейту қажет.

Бүгінде құрылыс жобасы аясында әзірленетін авторлық және техникалық қадағалау қорытындылары сын көтермейді. Көбінесе, құрылыс компаниялары өзіне үлестес авторлық және техникалық қадағалау ұйымдарын ашып, өзінің обьектісіне тиісті қорытындыларын оны ақиқаттылығы мен шынайылығының бар-жоғына қарамастан алып отырады. Соның нәтижесінде авторлық жобадан едәуір ауытқу жасайды: заңсыз, рұқсатсыз және жобаға қарама-қайшы қосымша қабаттарды көтеріп тастайды, құрылыстың параметрлері жобаға сәйкес болмай шығады, болмаса, жобада көрсетілмеген құрылыс материалдары қолданылады, - деп нақтылады ол.

Жоғарыда айтылған факторлардан соң ешкім құрылыстың қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды. Оның айтуынша, бұл авторлық және техникалық қадағалау саласындағы мемлекеттік бақылаудың жоқтығын айқындайды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: