20 ақпанда эпицентрі Түркияның Хатай провинциясының Дефне ауданында болған 6,4 балдық жер сілкінісінен 6 адам қаза тауып, 562 тұрғын зардап шекті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл туралы Хатайдағы Үйлестіру орталығында өткен брифингте Түркияның ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу айтты, деп Анадолы агенттігі мәлімдеді.
Оның мәліметінше, зардап шеккендердің 18-інің жағдайы тым ауыр.
Ведомство басшысы қазіргі уақытта Хатайда құлаған бес ғимаратта іздестіру-құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатқанын жеткізді.
Министр азаматтарды бүлінген ғимараттар мен құрылыстарға кіруге салынған тыйымды қатаң сақтауға шақырды.
Бұған дейін Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреддин Қожа Түркияның Хатай провинциясында дүйсенбі күні кешке болған жер сілкінісінен 294 адамның зардап шеккенін хабарлады.
Түркияның оңтүстігіндегі Хатай провинциясының Дефне аймағында 20 ақпан күні кешке болған 6,4 балдық жер сілкінісінен кейін аймақта 90 жерасты дүмпулері тіркелді, оның ең жоғарғы магнитудасы 5,8-ге жетті.
Сондай-ақ БАҚ Сириядағы жер сілкінісінің бес құрбаны туралы хабарлады.
6 ақпанда эпицентрі Түркияның Кахраманмараш провинциясының Пазарджик ауданында болған жер сілкінісінің құрбандары 41 мыңнан асты.