27.07.2025
14:49
392
Түркияның бірнеше провинциясында орман өрті өршіп тұр

Түркияның бірнеше провинциясында орман өрті өршіп тұр

Түркияның Бурса провинциясында орман өрттері таралып, қауіпті жағдай тудырды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы Report-қа сілтеме жасап.

Бурса провинциясының Гюрсу және Кестель аудандары аралығында басталған орман өрті желді ауа райының әсерінен күшейіп барады. Жергілікті БАҚ мәліметінше, өртке жақын орналасқан бірнеше ауылдан тұрғындарды эвакуациялау басталды. Өрт тұрғын үй аумақтарына қауіп төндіріп, Карахыдыр және Ығдыр ауылдарын жалын шарпыған.

Бурса муниципалитеті халыққа өрт қаупі туралы ескертті. Қазіргі уақытта Карабюк-Анкара автожолы екі бағытта да жабылды.

Жергілікті БАҚ хабарлауынша, өртті сөндіру үшін шаралар қабылданып жатыр. Оған өрт сөндіру бригадалары, орман шаруашылығы қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылған.

Өрттің шығу себебі әзірге белгісіз, бірақ тұрғын аудандарға қауіп төніп тұр. Сондай-ақ, Карабюк, Ушак және Кахраманмараш провинцияларында да орман өрттері өршіп тұр. Карабюкте шамамен 20 ауылдың тұрғыны эвакуацияланды.