Түркияға барарда нені ескеру керек?

11 Қыркүйек 2023, 12:00 1792

Шілденің соңында Түркияның Алания курортында қазақстандық туристер мінген шағын автобус апатқа ұшыраған еді. Екі отандасымыз емханада көз жұмды. Күні кеше ғана атыраулық журналист екі жасар сәбиімен бірге Анадолы елінде қайтыс болды. Тек қана Түркия емес әлемнің әртүрлі еліне барған отандастарымыз туралы суық хабар еміс-еміс естіліп тұрады. Бұндай тосын жағдай жұртымыздың қабырғасын қайыстырады. Әрине, ажал айтып келмейді. Бірақ қазақта «сақтансаң – сақтайды» деген тәмсіл бар. Өзге елге сапарлап барғанда неге көңіл аудару керек? Нені білу лазым? Сіз үйіңізден шығарда үйренген жалғыз ауыз ақпарат өміріңізді сақтап қалуы мүмкін. Осы түйткілді мәселенің жауабын іздеген  El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі режиссер, саяхатшы Жанар Төлегенмен сұхбаттасып қайтқан еді.

 El.kz: Елімізден Түркия Республикасына әртүрлі себептермен баратын отандастарымыздың саны жыл сайын артып келеді. Биыл қазақстандықтардың жол апатынан қаза болған суық хабарды жиі естіп кеттік. Түркияның елімізден жол-көлік ережесінің айырмашылығы қандай?

Жанар Төлеген: Халық санының көптігінен болар, Стамбұлда бағдаршамға қарап жүретін көлік аз. Үлкен мегаполис болғандықтан, уақыт, жұмыс бәрі асығыс. Бір Стамбұлдың өзінде 20 миллионға жуық тұрғын өмір сүреді. Көлік ережесі жағынан үлкен айырма бар деп айта алмаймын.

El.kz: Анадолы еліне барған адам әуелі неге көңіл бөлуі, қандай қарапайым түсініктерді игеруі керек?

Жанар Төлеген: Анадолы еліне ғана емес кез келген елге сапар шегер алдында дайындалу керек деген ойдамын. Қазір ғаламтор желісінде кез келген ел туралы ақпарат бүге-шігесіне дейін жазылған. Ерінбей бара жатқан елдің ережелерімен танысқан абзал. Саяхаттағы басты ереже төлқұжатыңыздың қауіпсіздікте болуы. Түркия елінде Ататүрікке қатысты пікірге, туларына абай болу керек деген ескертпелер бар. Кез келген жерде саудаласу керек. Саудаласу – мәдениеттің бір бөлігі секілді. Такси қызметі қымбатқа түсетіндіктен метро, автобус, кеме Түркиядағы ең қолайлы транспорт түрлері.

El.kz: Қазақстандықтар Түркияның қай өңіріне көбірек барады?

Жанар Төлеген: Мен Түркияның 5 қаласында ғана болдым. Байқағаным, Аланьяда қазақтар көп. Қыс мезгілінде арнайы үй алып сол жақта өмір сүретіндер аз емес. Ал көпшілігі Стамбул қаласына тек 1-2 апта саяхаттап барады. Конья қаласында да біраз отандастарымыз тұрақтаған. Олар негізінен оқуға және жұмыс істеуге келгендер.

El.kz: Отандастарымыздың ішінде телегей теңіз бен көркем жерлерді көріп, демалу үшін ғана баратындардың саны көп секілді көрінеді. Тарихы терең түрік мәдениетімен қаншалықты танысып қайтады?

Жанар Төлеген: Сапарға шыққан адамның өз мақсатына байланысты сияқты. Түрік халқы өз мәдениетін  таныту жолында аз күш жұмсамаған. Стамбұлдағы музейлер мен сарайлардың саны соның дәлелі. Яғни, түрік мәдениетімен танысамын деген жанға сол музейлер, мешіттер, мұнаралар ашық энциклопедия дер едім.

El.kz: Сіз Түркияға жолы енді түсетін отандастарымызға өмірін қауіпсіз ету үшін қандай кеңес ұсынар едіңіз?

Жанар Төлеген:  Нелсон Манделаның мына сөзі ойға оралады: «Егер адамға түсінетін тілінде сөйлесең, сөзің оның басына жетеді. Егер оның ана тілінде сөйлесең, жүрегіне жетеді». Қазір айналамдағы достарыма осы сөзді жиі айтамын. Қандай елге барсаң да, оның айтып тұрғанын түсінсең (сөйлеу деп тұрғаным жоқ) қауіпсіздікте болатының анық деп ойлаймын. Байқасаңыз, полиглот саяхатшылар қазір өте көп. Тек саяхатшылар емес жалпы 7-8 тілде еркін сөйлейтін замандастарымыз біршама. Мен түрік тілін меңгеріп саяхатқа шығу керек демеймін, тек сапарға шығатын кезде жан-жақты дайындықты пысықтап, жауапкершілікпен қарап, басты дүниелерге зейін қойсақ деген ұсыныс. Егер тіл білмесеңіз (ағылшын, түрік, орыс т.б) қарапайым лайфхак, елден шықпай тұрып бір қағазға бара жатқан аймақтағы елшіліктің (KZ) мекен-жайын, байланыс нөмерін жазып алу керек деген секілді.

El.kz: Түркияға барған адам көрмей қайтса болмайтын қандай мәдени кешендер, тарихи жәдігерлер бар?

Жанар Төлеген: Егер Стамбұл қаласына бірінші рет барсаңыз: Айя-София мешіті, Султанахмет, Көкмешіт, Топкапы сарайы, Сүлеймание, Галата мұнарасы, Таксим, Истикляль көшесі, Ортакөй, Кузгунджук, Балат... деп  тізім жалғаса береді. Саяхатқа шығар алдында өзіңізге қызықты, маңызы бөлек тарихи орындар туралы мәлімет жинап дайындалып баруды кеңес етер едім.

Менің ұсынысым: археологиялық музей, Румелихисар бекінісі, қазіргі заманғы өнер мұражайы (Istanbul Modern Sanat Müzesi), Долмабахче  сарайы, Қыз мұнарасы (ұзаққа созылған жөндеу жұмыстары жақында аяқталды. Туристтер ішіне кіріп көре алады.) Стамбұлдан бір жарым сағаттық жерде аралдар бар. Сол жерге міндетті түрде баруға кеңес беремін. Күніне бірнеше рет кеме қатынайды. Бағасы 50 лир (900 тг) .

Бірнеше рет Стамбұлға барсам да, әлі көрмеген тарихи жерлерім өте көп.

El.kz: Түркия мәдениетінің әлем халқына етене таныс болуына әдебиетінің рөлі де ерекше болды. Сіз түрік әдебиетімен жақсы таныссыз. Қаншама саяхатшы ағылып келіп жатты. Қазақстан жаһан жұртын өзіне баурап, туризмді дамыту үшін не нәрсеге көңіл аударуы керек?

Жанар Төлеген: Түркия елінен бөлек Грузия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдеріне жолым түсті. Түсінгенім, біз ең алдымен келетін туристке өзін қауіпсіз сезіне алатындай жағдай жасауымыз керек. Бұл өз кезегінде, инфрақұрылымдық, көліктік, денсаулық сақтау қызметтерін яғни жеке құрылымдардың арасында өзара байланысты жетілдіру қажет деген ойға әкеледі. Біздің ақсап тұрған тұстарымыз: қызмет көрсету сервисінің төмен деңгейі, білікті мамандардың жеткіліксіздігі, сондай-ақ бәсекелестіктің болмауы. Маркетинг саласындағы баяулығымыз және бар.

Одан бөлек қымбатшылық мәселесі тағы бар. Қасымызда тұрған Алакөлде демалу Түркиядағы немесе БАӘ елдеріндегі демалыспен бірдей болмаса, арзан емесі анық. Алматыға іс-сапармен барғандағы қонақ үйдің бағасы Грузиядағы 4 күндік демалыстың бағасымен пара-пар. Астана туристтер үшін қымбат қала екені айтпасақ та анық.

El.kz: Шынайы әңгімеңіз үшін рақмет!

Ғылымнұр Кәдірбай
Бөлісу: