Түркияда соңғы апталарда басталған жаппай орман өрттері елдің оңтүстік және батыс өңірлерін шарпып, туристік аймақтарға жақындап қалды. Қазіргі уақытта от Бодрум, Мармарис, Манавгат қалаларына және Анталья әуежайына қауіп төндіріп тұр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы КТК телеарнасы мәлімдеді.
Жаңа өрт ошақтары Стамбұлдың оңтүстігінде де тіркеліп жатыр. Ал ең күрделі жағдай Бурса аймағында байқалуда — мұнда жалын тұрғын үйлерге дейін жеткен, салдарынан 2 мыңға жуық адам эвакуацияланды.
Төтенше жағдайдан кемінде 14 адам қаза тапқан, олардың 11-і — орман қызметкерлері мен құтқарушылар.
Түркия билігі жағдай одан әрі ушығатын болса, туристерді эвакуациялау басталатынын мәлімдеді. Қазіргі таңда желдің күшеюі өрттің қарқынды таралуына себеп болып отыр, ал жаңбыр жақын күндері күтілмейді.
Өрттің негізгі себебі - аномальды аптап ыстық. Кейбір өңірлерде ауа температурасы 50 градус Цельсийден асып, бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен.
Туристік аймақтарға жоспарланған сапарлар алдында ауа райы жағдайы мен жергілікті ескерту шараларын мұқият бақылау ұсынылады. Түркия билігі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық күшті жұмылдыруда.
Бұған дейін өрттен он өрт сөндіруші қаза болғаны туралы жазған едік.