Түркияда тағы да жер сілкінді

21 Ақпан 2023, 00:19 1338

Магнитудасы 6,3 болатын зілзала Хатай провинциясының Дефне ауданында болған

Түркия аумағында магнитудасы 6,3 болатын жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды El.kz Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.

Төтенше жағдайлардың зардаптарын жою департаменті (AFAD) таратқан мәліметке сәйкес, жер сілкінісінің ошағы 2 шақырым тереңдікте орналасқан.

Ел президенті Режеп Тайып Ердоған оңтүстіктегі Хатай провинциясындағы үкіметке қарасты Төтенше жағдайлар мен табиғи апаттармен күрес басқармасы үйлестіру орталығына барған соң Кахраманмараштағы зілзала аймағында 114 834 адам құтқарылып, 1 млн 684 мың азамат уақытша баспанамен қамтамасыз етілгенін айтты.

Сондай-ақ бірінші кезекте 100 мың контейнерлік үй эксплуатацияға беріледі. Олардың 65 мыңы орнатылып жатыр. Қажет болған жағдайда, олардың саны 200 мыңға дейін арттырылады.

Президент уақытша қалашықта тұрып жатқан жер сілкінісі аймағының тұрғындары бір жыл ішінде жаңа үйге көшеді деп сендірді.

Сонымен қатар Ердоған наурыз айынан бастап Хатай провинциясында 40 426 үйдің, Кахраманмарашта – 45 067, Адыяманда – 25 882, Газиантепте – 18 544 үйдің құрылысы басталатынын жеткізді.

Елязыг провинциясында 3750 үй, Аданада – 2500, Килисте 250 үй бой көтереді.

Еске сала кетейік, 6 ақпанда Кахраманмараш провинциясына қарасты Пазарджык ауданында магнитудасы 7 балдан асатын жойқын екі жер сілкінісі болды.

Табиғи апат салдарын жоюға 88 мемлекеттен 11 мыңнан астам құтқарушы көмекке келді. Олардың арасында Астана мен Алматы, Ақмола және Қарағанды облыстарынан қазақстандықтар бар.

Соңғы деректерге сәйкес, Түркиядағы зілзала құрбандарының саны 41 мыңнан асты.

EL.KZ
Бөлісу: