Түркияда қазақстандық жанкүйерлер арасында жаппай төбелес болды

25 Ақпан, 22:33 2224

Түркияның Анталья қаласында футболдан Қазақстан суперкубогы өтті. Чемпиондықты Шымкенттің «Ордабасы» мен Қостанайдың «Тобыл» клубтары өзара сарапқа салды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Матч барысында шымкенттік «Ордабасы» мен қостанайлық «Тобыл» жанкүйерлері арасындағы трибуналарда жаппай төбелес болды. Қақтығыс екінші таймның ортасында басталды.

Мүмкін себептердің бірі екі клубтың жанкүйерлері бар секторлардың бір-бірінен алшақ болмауында болса керек.

Айта кетейік, бірінші таймның соңғы минуттарына дейін таблода өзгеріс болмады. Тек үзіліске шығар тұста бұрыштама добынан кейін украиналық Евгений Макаренко «Ордабасыны» алға шығарды.

Ал екінші кезеңде Иван Миладинович көздеген нысанадан мүлт кетпей, таразы басын теңестірді.

Кездесудің негізгі кезеңі 1:1 есебімен тең аяқталып, жеңімпаз пенальти сериясында шешілді. Футбол лотериясында «Тобылдың» бағы жанды. Шымкенттік команда сапынан Еркебұлан Тұңғышбаев мүлт кетті.

Осылайша, «Тобыл» Қазақстан суперкубогының үш дүркін чемпионы атанды.

Перизат Саденова
Бөлісу: