Түркияның оңтүстігіндегі Хатай провинциясында орналасқан көне Телль-Курду-Хююк қонысының аумағынан б.з.д. шамамен 5200 жыл бұрын өмір сүрген адам ізі табылды. Жасы жеті мың жылға жуық бұл олжа аймақ үшін ерекше құндылыққа ие, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Anadolu Agency мәліметінше, іздер 2025 жылдың 21 тамызында суға қаныққан балшық қабатынан табылған. Зерттеушілердің пікірінше, адамдар бұл жерден жаңбырдан кейін өткен болуы мүмкін. Ылғалды топырақтың арқасында аяқ іздері тамаша сақталған. Ғалымдар мұны Амук жазығындағы Анатолия, Левант және Месопотамия тоғысқан мәдени жолдарда сол кезеңнің «тірі» айғағы деп сипаттады.
Бұл олжа Убайд кезеңіне жатады. Ол дәуір бояулы керамиканың таралуымен, қауымдық дәстүрлердің орнығуымен және қолөнердің дамуымен белгілі. Бұған дейін Телль-Курдуда Убайд заманындағы тұрғын үйлердің қалдықтары, көшелер мен шеберханалар табылған болатын.
Жобаны Коч университетінің профессоры Рана Озбал мен Түркиядағы Нидерланд институтының өкілі Фокке Герритсен басқарады. Олар б.з.д. VI-V мыңжылдықтардағы мәдени үдерістерді зерттеуді мақсат еткен. Телль-Курдудағы қазбалардың ерекшелігі – Убайд дәуірінің қабаттары жер бетіне тым жақын, небәрі бірнеше сантиметр тереңдікте орналасқан. Бұл археологтарға ежелгі мәдени қабаттарға тез қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Түркияның мәдениет министрі Мехмет Нури Эрсойдың айтуынша, табылған іздер – «ежелгі Анатолиядағы адамның бар екендігінің қайталанбас дәлелі». Мұндай олжалар өте сирек кездеседі және керамика мен сәулет жеткізе алмайтын күнделікті тұрмыс жайлы нақты түсінік береді.