Түркістандық делегация Түркия еліндегі Ыстамбұл қаласына жұмыс сапары барысында «Аlbayrak Media Group» холдингінің кеңсесінде болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тоқталды. Сондай-ақ кездесуде «Turkistan Media Holding» ЖШС бас директоры Жанахмет Ағыбаев бірлескен түрде тележобалар жасауға қатысты ұсыныстарын айтты.
Бірінші кезекте өзара контент алмасуды жолға қойып, көрермендерге екі мемлекетті кеңінен танытатын деректі фильмдерді бірлесе түсіруді ұсынамын. Сіздердің тараптарыңыздан қызығушылық болса бірлескен реалити шоу және телесериал түсіруге де дайынбыз,- деді телеарна бас директоры.
Түркиялық холдингтің ақпараттық директоры Өмер Қабылан бұл ұсыныстарды қуана қабыл алды. Сонымен қатар ол жуырда Түркістанға келіп, ресми келісімге қол қоюға дайын екендігін жеткізді. Айта кетейік, «Аlbayrak Media» холдингі - Түркиядағы ең жас әрі беделді БАҚ, көпке танымал негізгі интернет ресурстарынан басқа «ТV NET», «GZT» телеарналары да бар.