19.12.2024
02:30
1433
Түркістандық спортшылар гір тасын көтеруден ел біріншілігінде топ жарды

Түркістандық спортшылар гір тасын көтеруден ел біріншілігінде топ жарды

Гір тасын көтеруден Астана қаласында өткен ел кубогында еліміздің 16 облысынан 200-ге жуық спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Түркістан облысының намысын қорғаған спортшылар ерекше нәтиже көрсетіп, 5 алтын және 3 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жарыс нәтижелері бойынша Бақыт Мақсатұлы ересектер арасында 63 келі салмақта ұзын циклді көтеруден III орынға тұрақтап, әуесқойлар арасында I орынды жеңіп алды. Ол мұнымен қоса Қазақстанның спорт шебері атағын да орындады. Ал Орынбасар Баби 68 келі салмақта ұзын циклді көтеруден I орынға ие болып, серпе көтеруде де топ жарды.

63 келі салмақта өнер көрсеткен Өскен Тілеген серпе көтеруден I орынды жеңіп, өзінің шеберлігін дәлелдей түсті. Өңір намысын қорғаған Тұрғанбай Бақытжан 73 келі салмақта ұзын циклді көтеруден III орынды місе тұтты. Ал, Құдайберген Сырым 85 келі салмақта ұзын циклді көтеруден I орын алды. Бұған қоса, ол Қазақстанның спорт шеберіне үміткер атағын орындап, ерекше жетістікке жетті. Сонымен қатар  95 келі салмақта Айдын Тауыпалды ұзын циклді көтеруден III орын алды.