Түркістандық оқушы жасанды интеллект қосымшасын жасап шығарды

20 Қаңтар, 10:35 893

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 10-сынып оқушысы жасанды интеллект қосымшасын жасап шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

№4 мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Жансерік Камал 13 жасынан бастап смартфонның кең мүмкіндіктерін меңгеріп, сол арқылы табысқа қол жеткізе бастаған.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, жасөспірім 2023-2024 оқу жылында ғылыми жобалар конкурсына ұсынған жұмысында “JARIQ” жасанды интеллект мобильдік қосымшасын жасап оның мүмкіндіктерін көпке дәлелдей алды. Үш тілде қызмет көрсететін қосымша дыбыстық хабарламаларды жазбаша мәтінге айналдырып қана қоймай, қойылған сұрақтарға қазақ тілінде жауап беруімен ерекшеленеді.

Оқи отырыңыз: 

Конкурстың облыстық турында жеңімпаз атанған жоба республикалық кезеңге жолдама алып үлгерген. Қазіргі таңда қосымшаны “Google Play Market”-тен жүктеп алуға болады.

Бұл қосымша оқушының алғашқы жобасы емес. Дарынды жасөспірім 2022-2023 оқу жылында ғылыми жобалар конкурсына ұсынған жұмысында демалыс орындарына келген қонақтарға сусын жеткізуші «Қолқанат» роботының макетін жасаған. Роботты аппараттық және бағдарламалық жасақтамадан тұратын “Arduino UNO” платформасы арқылы жасап, оны арнайы роботқа дыбыс жазатын zvukogram.com сайты арқылы қазақ тілінде сөйлей алатын еткен.

Жансая Әділбек
Бөлісу: