Түркістанды қолөнер орталығына айналдыру жұмыстары басталды

6 Қазан, 16:48 426

Түркістан қаласын халықаралық талапқа сай қолөнер орталығына айналдыру бағытындағы жұмыстар басталды. Оның алғышарты ретінде шаһарда «Қолөнершілер орталығының» ғимараты салынып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық әкімдік мәліметінше, алдағы уақытта Түркістанның брендіне айналатын бұйымдар шығарылып, нарыққа енеді деп күтілуде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеу үшін қолөнершілер мен сала мамандарымен, туризм өкілдерімен кеңес өткізді. Жиында қолөнер саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, ұсыныстар берілді.

Қолөнерді дамытуға өз тарапымнан, әкімдік тарапымнан толық қолдау көрсетіледі. Өнім шығаруға қажетті құрылғыларды алып беруге де дайынбыз. Бірақ бізге нақты жоспар қажет. Қолөнершілер де өздеріне міндеттеме алып, қанша бұйым шығаратынын жоспарлаулары тиіс. Шеберлерімізді тәжірибе жинап, үйренулері үшін шетелге, еліміздің өзге өңірлеріне жіберген жөн. Шетелдегі қандастарымыздың арасындағы қолөнер шеберлерін де арнайы шақырып, қолдау көрсетуге ниеттіміз. Қазақтың мәдениеті, Түркістанның тарихы қолөнері арқылы да дәріптеліп, туризм мен мәдениет саласының бір бөлігіне айналып, жаңа жұмыс орындарын ашуға да ықпал етуі керек деп есептеймін, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында Алматы мен облыс аумақтарынан арнайы келген қолөнер шеберлері өз ұсыныстары мен пікірлерін айтты. Өнердің осы саласына қолдау көрсеткен облыс басшылығына алғыстарын жеткізіп, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендерін білдірді.

Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов облыс әкімінің тапсырмасымен әзірленген қолөнерді дамыту бағытындағы жоспарларға тоқталды. Алғашқы кезекте облыстағы шеберлердің тізімі жинақталып, 144 қолөнерші қызмет атқаратыны анықталған.

Облыста қолөнер орталығын дамыту арқылы шеберлередің өндірісін қалыптастыру көзделіп отыр. Қолөнершілердің өнімдерін сату және оны нарыққа жылжыту, туристік бизнес өкілдерімен серіктестік орнату арқылы жаңа туристік өнімдер қалыптаспақ.

Облыстан жинақталған мәліметтер мен шеберлердің өнімдерін талдау нәтижесінде тоқыма , киіз басу, құрақ құрау және кесте тігу, зергерлік өнімдер, ағаш және сүйектен бұйым жасау өнері басым бағыттар екені анықталды. Дәстүрлі қолөнершілерді зерттеу, талдау жұмыстарының нәтижесімен Түркістан қаласындағы «Қолөнер орталығында» «Qazaq-Oner» шеберлер орталығын құру көзделген. Шеберлер орталығы шоу-рум, шеберханалар мен фото аймақтарды қамтиды. Қолөнер шеберлері тек өнім дайындаумен айналысады. Өнімдерді сату шоу-румда арнайы жауапты адамдармен жүзеге асырылады. Өнімдерді сату мақсатында арнайы мамандармен маркетингтік жоспарлар әзірленеді. Бұл бастама қолөнер саласының дамуына ықпал етеді және қолөнершілердің кәсібін өркендетуге жағдай жасайды деп күтіліп отыр. «Қолөнер орталығында» туризмді дамытуға бағытталған жұмыстар да атқарылады. Қазақ қолөнері, мәдениеті мен ұлттық тағамдары, киімдері де дәріптеледі.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: