Түркістанда үш қызды зорлаған ер адамға химиялық кастрация жасалады

6 Маусым, 16:19 3058

Түркістан облыстық сотында 10-12 жастағы үш қызды зорлаған 33 жастағы педофилге сот үкімі шықты, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Сотта белгілі болғандай Шәуілдір ауданының тұрғыны бұдан екі жыл бұрын қарындасымен ойнауға келген кішкентай қыздарға сексуалдық сипатта зорлық көрсеткен. Қылмысын жасыру үшін қыздарды қорқытып, ақша берген. Сұмдық жайт тек былтыр әшкере болды.

Сот барысында қылмыскер кінәсін мойындаған жоқ. Ал жәбірленушілер сотта жағдайдың қалай болғанын баяндап берген. Сот-медициналық сараптамасы да қыздардың қорлық көргенін дәлелдеді. 

Айыпталушы екі бап бойынша жауапқа тартылды. 33 жастағы педофил 25 жылын түрмеде өткізеді. Сонымен қатар сот оған қатысты химиялық кастрациялау шарасын тағайындады.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: