Түркістанда Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында үш медициналық нысан ашылды

Бүгiн, 09:25 142

Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысындағы үш ауданда медициналық нысан пайдалануға берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сайрам ауданы Құтарыс ауылында дәрігерлік амбулатория салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, тұрғындарды құттықтады.

Баршаңызды келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз мәңгі, мәртебеміз биік болсын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арналған Жолдауында ауылдарды медициналық нысандармен қамтуды тапсырған болатын. Облысымызда 2024 жылы «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді. Оның ішінде Сайрам ауданына 3 нысан қаралды. Бүгін облыста биыл салынған 49 дәрігерлік амбулаторияның алғашқысының ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Өңірде ұлттық жобадан тыс, облыс және инвесторлар қаржысы есебінен 6 нысанның құрылысы іске асырылды. Осы нысандар арқылы ауылдар мен елді мекендердің 90 мыңнан астам тұрғыны медициналық көмекпен қамтылады, – деді Дархан Сатыбалды.

5 мыңға жуық тұрғыны бар ауылдағы нысанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетіледі. Медициналық мекемеде жалпы тәжірибелі дәрігерлердің қабылдау бөлмелері, әйелдер бөлмесі, күндізгі ем қабылдау, емдік дене шынықтыру, екпе егу, ем-шара, сүзгі бөлмесі бар, сонымен қатар медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған.

Дәл осы күні Түлкібас ауданы Абайыл елдімекенінде жаңа медициналық тірек құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Сонымен бірге Ордабасы ауданы Қарабастау ауылында заманауи үлгідегі фельдшерлік-акушерлік бекет ашылды.  

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл Түркістан облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланған. Оның ішінде 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт салынуда. Жалпы облыс бойынша жыл соңына дейін 48 медициналық нысан пайдалануға беріледі. Біреуі жеке инвестор есебінен салынады. Басым көпшілігінің құрылысы аяқталған. Жаңадан ашылатын нысандар тиісті құрал-жабдықтармен қамтылған. Ауыл тұрғындарына сапалы алғашқы медициналық-санитариялық көмек түрлерін көрсетеді. Ал ескі ғимаратта болған ФАП-тардың бірқатары жаңа нысанға ауыстырылады. 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: