Түркістанда тағы бір жайлы мектеп ашылды

14 Желтоқсан, 18:42 468

Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан облысы Сауран ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Білім ұясы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еңбекші диқан ауылында орналасқан білім ордасы 600 орынға шақталған.

Мектептің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, оқушылар мен ұстаздар қауымын құттықтады. Өңір басшысы оқушыларға оқуда озат болуын тілеп, ұлттық жобаның маңыздылығына тоқталып өтті.

Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, заманауи, озық үлгідегі білім ошақтары салынуда. Бұл бастама апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жояды. Биыл облысымызда жалпы қуаттылығы 17800 орынды құрайтын 29 жайлы мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Біз білім саласына қолдауды жалғастырамыз,-деді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімдігі оқу ұясының жабдықталуы мен қауіпсіздік деңгейі заман талабына сай  екенін атап өтті. Бастама еліміздегі апаттық, үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығы мәселесін шешуге бағытталған. Білім ордасы жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынды. Мектеп физика, химия, биология және робототехника пәндері бойынша заманауи кабинеттермен жабдықталған.

Айта кетесек, биыл Түркістан облысында 50 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 29-ы «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтерген. Бұған дейін де осы жоба арқылы Түркістанда бір мектеп есігін айқара ашқан болатын.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: