Түркістанда мас күйде көлік басқарған екі жүргізуші куәлігінен айырылды

6 Қыркүйек 2023, 14:00 917

Түркістан облысында мас күйде көлік басқарған екі жүргізуші куәлігінен айырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жол ережесін бұзудың алдын алуға, оның ішінде мас жүргізушілерді анықтауға және жауапқа тартуға бағытталған жедел-профилактикалық және рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді. Осындай кезекті жұмыс күнінде тәртіп сақшылары көлік құралын мас күйінде басқарған екі жүргізушіні анықтады, оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Тәртіп бұзушылардың бірін полицейлер Қазығұрт ауданындағы аудан орталығы көшесінде тоқтатты. Audi автокөлігін басқарған жергілікті тұрғынның мас екені расталды. Полицейлер жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша материалдар жинақтап, заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберді.

Жол ережесін бұзған екінші жүргізушіні Мақтаарал ауданының полицейлері анықтады. Тәртіп сақшылары түнгі уақытта Мырзакент – Жетісай тас жолында ВАЗ автокөлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде тәртіп сақшылары жүргізушінің іс-әрекетінен мас болу белгілеріне күдіктенді. Полиция жүргізушіні медициналық куәландыруға апарып, оның мас күйінде екенін растады.

Заң бұзушыға ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 5-бөлігі және мас күйінде көлік жүргізгені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігі бойынша екі әкімшілік хаттама толтырды. Нәтижесінде сот қаулысымен екі жүргізуші де кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды, сондай-ақ 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Равиль Ашығали
Бөлісу: