Түркістанда конфессияаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған семинар өтті

17 Наурыз 2023, 11:28 1196

13-17 наурыз аралығында Н.Назарбаев Орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаевтың Түркістан облысына конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту бойынша жұмыс сапары өтті, онда АҚШ-тың «LYN Community» үкіметтік емес ұйымы ұйымдастырған семинарға қатысты.

Сондай-ақ, іс-шарада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Е.Нүкежанов және Қазақстан діни бірлестіктерінің өкілдері мен Өзбекстанның пасторлары қатысты. Семинар мұсылмандар мен христиандар арасындағы конфессияаралық қатынастарды нығайтуға бағытталған.

Б. Сәрсенбаев құттықтау сөзінде осы іс-шараның маңыздылығына назар аударып, Н.Назарбаев конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту орталығы конфессияаралық диалогты сақтау бойынша елеулі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Сонымен қатар, Е. Нүкежанов елімізде үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің  Съезін өткізу арқылы дінаралық диалогты нығайтудағы Қазақстанның рөлін атап өтті, сондай-ақ іс-шараны ұйымдастырушыларға  елдегі конфессияаралық қатынастарды дамытуға белсенді қатысқаны үшін алғыс айтты.

Б. Сәрсенбаев Түркістан облысының әкімі Д. Сатыбалдымен кездесіп, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстандағы дін саласындағы жұмысты күшейту және рухани құндылықтарды сақтау қажеттілігі туралы тапсырмасының ерекше маңыздылығын талқылады.

Б. Сәрсенбаев Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттеріне Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің қорытындысы және оның Декларациясы туралы дәріс оқыды. Дәріс аясында Б. Сәрсенбаев студенттерді, магистранттарды, профессор-оқытушылар құрамын бейбіт өмір сүрудің, толерантты қоғам құрудың және конфессияаралық диалогтың бірегей қазақстандық моделімен таныстырды.

Іс-шараның мақсаты – бірегей диалог алаңы -Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі мен оның қорытынды Декларациясының негізгі месседждерін аудиторияға жеткізу және өткен халықаралық іс-шараның қорытындыларын ілгерілету болып табылады.

EL.KZ
Бөлісу: