Түркістанда көліктерінің нөмірін алып тастап, кортеж жасаған жүргізушілер жазаланды

16 Қазан, 05:41 476

Түркістан облысы Жедел басқару орталығының полицейлері түнгі сағат 03:00 шамасында жол ережесін өрескел бұзған 10-ға жуық жүргізушіні анықтады. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Түркістан қаласының Ж.Майкотов – Алматы көшелерінің қиылысында Lexus РХ330, Huyndai Elentra, Daewoo Nexia, Lada, ВАЗ 2114 көліктерін тізгіндеген 10-ға тарта жүргізуші темір тұлпарларының нөмірін алып тастап, кортеж жасап жүргені анықталды. 

Бұл дерек бойынша бірден жақын аумақта жүрген патрульдік полицияға хабар берілді. Оқиға орнына жеткен автоэкипаж жол ережесін бұзған көліктерді тоқтатуға белгі берді. Алайда олар полицияның заңды талабына бағынғысы келмеді. Осы сәтте тағы бір экипаж көмекке барып, жан-жақты жүргізілген шаралар нәтижесінде құқық бұзушыларға тұсау қойылды. Тексеру кезінде көліктердің жол ережесін сақтамай, тұрғындардың түн тыныштығын бұзғаны белгілі болды. Бейнежазба жасау үшін құқық бұзушылыққа барған жас жігіттермен профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді, - делінген мәліметте.

Нәтижесінде құқық бұзған жас жүргізушілердің автокөлігі айыптұраққа жеткізілді. Аталған көлік иелеріне бірнеше баппен, яғни мемлекеттік тіркеу белгілері жоқ және қарсы бағытқа шығып көлік басқарғаны бойынша әкімшілік шара қолданылды.

Перизат Саденова
Бөлісу: