Түркістанда ер адам ауылдасының көлігін айдап әкетіп, өртеп жіберген

15 Мамыр 2023, 17:15 835

Түркістан облысында ер адам ауылдасының көлігін айдап әкетіп, өртеп тастаған. Ер адам мас болған, - деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

"Отырар" басылымының мәліметінше, Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, ауылдасы күндізгі уақытта үйінің алдында тұрған «ВАЗ» маркалы автокөлігін заңсыз айдап кетіп, артынан өртеп жіберген. Келтірілген шығын көлемі 1.500 000 теңгені құрайды.

Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-ның 200-бабы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқықтыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркеуге алды.

Тәртіп сақшылары болған оқиғаны «ізін суытпай» ашу мақсатында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде жергілікті тұрғын анықталып, жеткізілді.
 
Белгілі болғандай, күдікке ілінген ер адам жәбірленушімен бұрын араздасып қалғаны есіне түсіп, мас халде оның автокөлігін ұрлап кетіп, зақым келтірген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

 

Равиль Ашығали
Бөлісу: