Түркістан облыстық «Фараб» кітапханасында мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына арналған «Асқаровтың аққайыңдары» драмасының премьерасы өтті, деп хабарлайды El.kz.
Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрының әртістері сахналаған қойылымның авторы – белгілі жазушы, драматург Мархабат Байғұт.
Рухани кешке Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысынан Асанбай Асқаровпен қызметтес болған түрлі саланың ардагерлері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, туыстары, қала тұрғындары қатысты. Қойылымнан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов сөз сөйлеп, көзіне жас алды. Сонымен қатар театр ұжымына жоғары деңгейдегі қойылым үшін алғыс білдірді.
«Бүгінгі премьера көпшіліктің көңілінен шықты. Кез келген жүректен шыққан дүние жүрекке жететіні белгілі. Оған біздің әртістердің шеберлігі дәлел. Дәл осы Райымбек Сейтметов театр ұжымы жаз айында Румыния елінде халықаралық театр фестивалінің лауреаты атанған еді. Шығармашылық табыс тілеймін, әсерлі қойылымдармен көрерменді қуанта беріңіздер», – деді Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев.