Түркістан облысында 500 мыңға жуық оқушыға жол қауіпсіздігі бойынша сабақ өткізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов Білім күнін мектеп оқушыларымен бірге қарсы алып, оларға жаңа оқу жылында сәттілік тіледі. Облыстың бас полицейі №28 мектепке ат басын бұрып, кіреберістен бастап оқушылардың қауіпсіздігі үшін жасалған жұмыстарды тексеріп шықты. Оқу ордасына кіріп-шығу үшін арнайы жасалған балалардың алақаны сканерленген құрылғы мен “SOS” батырмасының қызметін қадағалады. Сонымен қатар мектеп мұражайын аралады. Одан әрі мерекелік іс-шараға қатысып, оқушыларға ақ тілегін жеткізіп.
Осы сәтті пайдалана отырып, жол жүрісі қағидаларын сақтауды, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасамауды, түнгі уақытта жүрмеуді ескерткім келеді. Бүгінгі күннің мәселесі болып отырған құмар ойындарға мүлдем жоламауға шақырамын. Полицей аға-әпкелеріңіз сіздердің әрқайсыларыңыздың достарыңыз, қорғаушыларыңыз, сондықтан бізге сеніңіздер! Тәртіпті болыңыздар! Білім күні құтты болсын, – деді өңірдің бас полицейі.
Сондай-ақ сыныптарды аралап, оқушылармен тілдесті. Олармен сурет салып, дайындаған өнерлерін тамашалады. Айта кетсек, алғашқы қоңырау мерекесіне орай рейдтік-профилактикалық шараға облыс бойынша 1200-ге тарта полиция қызметкері мен 127 қызметтік автокөлік жұмылдырылды. Жалпы, Түркістан облысында 1060 мектеп бар, ондағы оқушы саны – 479 899. Оның ішінде мектеп табалдырығын енді аттаған бірінші сынып оқушысы 52 мыңға жуық.
Аталған кішкентай достармен ҚР ІІМ-нен арнайы келген “Полиция және балалар” тақырыбындағы дайын эскиздерді бояу жұмыстары жүргізілді. Бұл боялатын суреттерде қоғамдық орындағы қауіпсіздік қимылдары бейнеленген. Полицейлер бірінші сынып оқушыларымен осы суреттерді түрлі-түске бояп, түсіндірме сабақтарын өткізді. Бала қауіпсіздігі – басты орында екенін ескерген түркістандық полицейлер жыл бойы балалардың амандығы үшін қорғаныс шебінде қызметте болады.