Түркістанда 200-ге жуық аула судан тазартылды

3 Ақпан 2023, 17:28 1474

Бұл туралы ТЖМ мәлім етті

Түркістан облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасуда. Бұл туралы ТЖМ баспасөз хатшысы Гүлзира Айтжанова айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.  

Төтенше жағдай министрлігінің берген ақпараты  бойынша, дәл қазір Сауран ауданының эвакуацияланған тұрғындары біртіндеп үйлеріне оралуда.

"Қазіргі уақытта суды бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 200-ге жуық аула судан тазартылып, 85 аула аумағынан 197 текше метр су сорып шығарылды. Ал ТЖМ және ЖАО күштерімен үйлерді су басу салдарын болдырмау үшін аула аумақтарынан суға тосқауыл қойылуда. Құм салынған қаптарды төсеу және су бұру арналарын тазарту жұмыстары атқарылуда. Барлығы 15 300 қап төселді", - деді ТЖМ баспасөз хатшысы Гүлзира Айтжанова. 


Айта кетейік, апат болған аймақта республикалық және облыстық жедел штаб жұмыс жасауда. Штабтар базасында жедел желі іске қосылған.

Айтуларынша, үйлер су объектісінің жанында салынған. Сол себепті, су тасқыны қаупі жоғары екенін байқауға болады.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: