Түркістан туралы қызықты деректер

20 Маусым 2018, 11:32 171900

Түркістан – ер түріктің бесігі

Түркістан – көне заманда Шауғар деп атанған. Ұлы Жібек жолының бойында, Қаратау мен Сырдария өзендерінің ортасында орналасқан ежелгі қала. Сол заманда шаһарға тырнадай тізілген қоңыраулы керуендер Батыстан да, Шығыстан да ағылып келіп жататын болған.

Мұсылман діні орныққаннан бастап кала Иасы деп аталған. Ақын Қожа Ахметтің Иасауи болатыны осы тұс.

2000 жылы Түркістан қаласына 1500 жыл болды.    

Түркістан – VII-XII ғасырларда саяси-экономикалық орталық болды.

Түркістан – ХІІ ғасырда мұсылмандар үшін қасиетті мекенге айналды. ХІІ ғасырда сопылық ілімді белсенді ұстанушысы Қожа Ахмет Ясауи осы қалада жерленді. Ясауи өмірден өткен соң қабірінің басына үлкен мазар тұрғызылды. Мазар мыңдаған мұсылмандардың зиярат ететін орнына айналды.  Кесенені тұрғызуға ұйытқы болған Әмір Темір болатын.

XVІ ғасырдың соңында Түркістан Ахмет Ясауидің әсем де зәулім кесенесінің арқасында Орта Азияның рухани орталығына айналды.

1598-1628 жылдары Есім хан Ясыны Түркістан деп атап, оны Қазақ хандығының орталығы етті. Қазақ хандары  XVІІІ ғасырдың соңына дейін билік құрды.

Түркістан қаласында қазақ билеушілерінің хан көтеру салтанаттары өтті. Кейінгі ортағасырлық дәуірде Қожа Ахмет Йасауи кесенесі қазақ ханын ақ киізге көтеріп сайлайтын орын болды.

Түркістан қаласы қазақтың бетке ұстарлары мен ақсүйектерінің мәжіліс өткізетін орны болды.

Түркістан – қазақ халқының ең атақты тұлғалары жерленген пантеоны болды.  XVIII ғасырда да Қожа Ахмет Йасауи кесенесі қазақ билеушілерін жерлейтін орын болып қала берді. Түркістанда Тәуке (1680-1715), Жолбарыс (1720-1740), Әбілмәмбет (1739-1771), басқа да хандар жерленді. Тарихи-мәдени «Әзірет султан» қорық-мұражайының территориясында 164 атақты тұлғалар жерленген. Олар әртүрлі заманда өмір сүрген күллі қазақ халқының игі жақсылары. Кесенеде қазақтың Қаз дауысты Қазыбек би, Абылай хан,   Есім хан, Хақназар хан, Тауке хан, Шығай хан, Жәңгір хан, Қанжығалы Бөгенбай, тобықты Мамай, қоңырат Сырғақ жатыр.

Есім хан (1598-1614) үшін Қожа Ахмет Йасауи кесенесі қасынан жеке кесене салынды. Кесене ішінен тек атақты Абылай хан (1771-1781) қабірі ғана жан-жақты зерттелді.

Түркістан қаласы – діни білім мен ортағасырлық ғылым орталықтарының бірі болды. Қалада Абд әл-Ғафур Түркістани жазып кеткен бір топ мектеп пен медресе жұмыс жасады.

Түркістан қаласы орта ғасырдың өзінде ірі білім орталығы болды. Шаһардың мәдени өмірінде дәруіш ақындардың, ислам дінін уағыздаушылардың да шығармалары үлкен орын алады.

Түркістан – ер жүрек батыр қала. Монғол-татар, жоңғар шапқыншылығын, қазіргі Орта Азия мен Қазақстанда сол кезде өмір сүрген мемлекеттер мен хандықтардың жаугершілігін көрген қала. Орта ғасырдағы Сыр бойындағы Сығанақ, Сунақ, Сауран сияқты үлкен шаһарлардан біздің ғасырға жеткені де осы қала.

Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой .

Тамаша Түркістандай жерде туған

Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой, - деп Мағжан Жұмабаев жырға қосқан қала.

Түркістан қаласын Әзербайжанның Шеки қаласында өткен «ТҮРКСОЙ» тұрақты кеңесінің 34-отырысында Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы етіп бекітті.

Қазақстан Республикасы тарапынан әлемдік мұраның әуелгі тізіміне алғаш ұсынған ескерткіш – Қожа Ахмет Йасауи кесенесі болды. Әлемдік мұра комитеті өзінің Парижде 2003 жылдың 30 маусым – 5 шілде аралығында болған 27-сессиясында Қожа Ахмет Йасауи қатарына «әлемдік мұра тізіміне» қосты.

Тәуелсіздік жылдары Түркістанда жаңадан 38 мектеп ғимараты салынған.

Егемендіктің алғашқы жылдарында Түркістанда небары 3 балабақша болса, содан бері 50 балабақша (22-сі жекеменшік) ашылып, балаларды балбақшамен қамту көрсеткіші 82 пайыздан асқан.

Медицина саласында 23 денсаулық сақтау нысаны салынса, бұқаралық спортты дамыту, оған қолайлы жағдай жасау мақсатында 49 спорт нысаны пайдалануға берілген.  

Қазір шаһар аумағында 3600 шаруа қожалығы тіркелген.

Малдың барлық түрін қоса есептегенде 635 мыңға жеткен.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласын жетілдіру барысында Түркістанда астықтан нан және тәтті тағамдар, еттен түрлі шұжықтар, ысталған ет, тауық еті, сүт, ірімшік, айран, қаймақ, балмұздақ, мақта майы, көкөніс тосаптары секілді 20-дан астам азықтық өнімдер шығарылады.

Түркістанда мақта өсіріледі.

Қала халықаралық көлік магистральдің желісінде орналасқан. Түркістан-Сібір магистралі өтетін қалада 60 км шойын жол торабы, 1583,6км автокөлік жолы бар. Түркістан қаласын Шымкент-Самара автомагистралі кесіп өтеді.

Түркістан қаласында 34 өнеркәсіп мекемелері жұмыс істейді. Шағын кәсіпкерлік дамыған. Онда жұмысқа жарамды халықтың 49,1 пайызы жұмыс жасайды. Қаланың әлеуметтік-инфрақұрылымында Ардагерлер үйі, драм-театр, этно-клуб, спорттық сауықтыру комплексі, аквопарк, қонақ үйлер, мейрамханалар, салтанат үйлері т.б. жұмыс жасайды.

Қаржы инфрақұрылымында 8 банк  бөлімшелері жұмыс атқаруда.

73 жалпы білім беру мектептерінде 49433 оқушы, 26 мектеп алды мекемелерде 5040 бала тәрбиеленуде.

Қалада   1992 жылы құрылған Халықаралық Қазақ-Түрік университеті бар. Онда 14,2 мыңнан аса студенттер білім алады. Университетте  26 елден 500-ден астам студент білім алады. Оның ішінде: Түркия, Кипр, Қырғызстан, Түркменістан, Башқортстан, Дағыстан, Саха Республикасы, Монғолия, Қытай және т.б. елдерден.

3 мемлекеттік, 7 мемлекеттік емес  колледждерде 7,5 мыңнан аса студенттер білім алуда.

Қала халқына 12 аурухана, 6- емхана, 14- ФАП, 3 - ФП, 16 -дәрігерлік амбулатория, 45- дәріхана,   1- диагностикалық орталық, 1- жедел жәрдем бөлімі қызмет көрсетеді.  438  дәрігер, 1356  орта буынды медициналық дәрігерлер қызмет көрсетеді.

Түркістан қаласында 3 ұлттық мәдени орталық, «Тұран-Түркістан» телеарнасы және «Түркістан» газетінің редакциясы жұмыс жасайды.

Киелі Түркістанға жылына жарты миллион турист келеді. Шет жерден ағылатын саяхатшылардың қызыға тамашалайтын орындарының бірі - тарихи-мәдени этнографиялық орталығы. Алты мыңға жуық құнды жәдігер сақтаулы тұрған музей қызметі жыл сайын жаңарып, заманға сай жетілдіріліп келеді. 

Бөлісу: